Алматыда полиция 29 маусым мен 1 шілде аралығында "Электрсамокаттар және электрмопедтер" атты жедел профилактикалық іс-шара өткізіп жатыр. Рейд 1 шілдеден бастап күшіне енетін жаңа талаптарға байланысты ұйымдастырылған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Полицияның мәліметінше, шараның негізгі мақсаты - жол апатының алдын алу, жол қозғалысы ережелері сақталуын бақылау және азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру.
Рейд кезінде жолаушы тасымалдау, қауіпті маневр жасау, бағдаршамның қызыл түсіне өту, жолды кесіп өту қағидаларын бұзу, сондай-ақ, электрсамокаттарды ретсіз тастау деректеріне ерекше назар аударылады.
1 шілдеден бастап электрсамокаттарға қатысты жаңа талаптар күшіне енеді. Енді оларды пайдалану үшін мемлекеттік тіркеу нөмірі, техникалық паспорт және сақтандыру қажет. Электрсамокатты тек жүргізуші куәлігі бар кәмелетке толған азаматтар басқара алады.
Сондай-ақ, электрсамокатпен тротуарда және жаяу жүргіншілер жолында жүруге тыйым салынады. Жаңа талаптарды бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.