Жаңа оқу жылында оқушылардың бағалау жүйесі өзгереді

Жаңа оқу жылында оқушылардың бағалау жүйесі өзгереді
pixabay.com

Жаңа оқу жылынан бастап Қазақстан мектептерінде бірқатар өзгеріс енгізіледі, деп хабарлайды dalanews.kz.

5-7 сынып оқушылары «Конституция негіздері», 8-11 сынып оқушылары «Заң және тәртіп», ал 5-11 сыныптар «Жеке қауіпсіздік» курстарын оқиды. Бұл туралы Үкімет отырысында Оқу ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді.

Министрліктің мәліметінше, білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары, үлгілік оқу жоспарлары мен оқу бағдарламалары жаңа Конституция нормаларына сәйкес қайта қаралған.

Бұған дейін таңдау пәні ретінде оқытылған «Құқық негіздері» енді барлық оқушы үшін міндетті пән болады. Оның мазмұны да жаңа Конституция қағидаттарына сәйкестендірілген.

Бастауыш сыныптарда бағалау жүйесі де өзгереді. Бөлім бойынша жиынтық бағалау және тоқсан бойынша жиынтық бағалау алынып тасталады. Оның орнына күнделікті қалыптастырушы бағалаудың рөлі күшейтіледі. Мұғалім диктант, мазмұндама, шығарма, жоба, ауызша және практикалық жұмыстар сияқты әдістерді өз қалауынша қолдана алады.

Қазақстанда қазір 8 мыңнан астам мектепте 4,1 млн оқушы білім алып жатыр. Оның 5 мыңнан астамы ауылдық жерде орналасқан. Биыл 380 мыңнан астам баланың бірінші сыныпқа қабылдануы күтіледі.

Биыл алғаш рет 1 сыныпқа қабылдау «OQU» бірыңғай платформасы арқылы кезең кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Өтініштердің 88,7 пайыздан астамы электронды түрде қабылданған. Балаларды бірінші сыныпқа қабылдау 31 тамызға дейін жалғасады.

Жаңа оқу жылындағы негізгі бағыттардың бірі жасанды интеллектіні мектептерге енгізу болады. 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап Павлодар және Қызылорда облыстарындағы 10 шағын жинақты мектепте жасанды интеллект технологияларын қолдану бойынша пилоттық жоба басталады. Пилоттық кезеңде жоба 500 шағын жинақты мектепті қамтиды. 2029 жылға дейін оны барлық 2 600 шағын жинақты мектепке дейін кеңейту жоспарланған.

Балалардың қауіпсіздігіне қатысты да жаңа жүйелер енгізіледі. «Жеке қауіпсіздік» курсы әлеуметтік эмоционалдық дағдыларды қалыптастыруға және балалардың өмірлік тұрақтылығын дамытуға бағытталады.

Сонымен қатар бірыңғай цифрлық диагностикалық платформа енгізіледі. Ол балалардың жағдайын жүйелі бақылауға және олардың психологиялық әл ауқатын бағалауға мүмкіндік береді.

2026 жылы Қазақстанның барлық өңірінде Балалардың құқықтарын қорғау басқармалары құрылды. Олардың негізгі міндеттері балалардың құқықтарын қорғау жұмыстарын үйлестіру, зорлық зомбылықтан зардап шеккен балаларды сүйемелдеу және құқық бұзушылықтарды ерте анықтау болады.

Мектептердің материалдық базасын жаңарту жұмыстары да жалғасады. Қазір жоспарланған 1 409 пәндік кабинеттің 1 007-сі, яғни 70 пайызы жеткізілген.

Елімізде 178 мектепте күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Бұл мектептерде жалпы 117 мың оқушы орны бар. 1 қыркүйекке дейін 106 мектептегі жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарланған.

Бұдан бөлек, қазір 59,3 мың оқушы орнына арналған 101 мектептің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 38,2 мың оқушы орнына арналған 72 мектептің құрылысын аяқтау жоспарланған.

Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде 763 колледж жұмыс істеп, онда 556 мың студент білім алып жатыр. Биыл мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында колледждерге 133 мың студент қабылдау жоспарланған. Оның 70 пайызы техникалық бағыттар бойынша кадр даярлауға бағытталады.

Колледждерде дуальды оқытумен қамтылған студенттер саны да өсті. 2025 жылы 91 мың студент болса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 138,2 мыңға жеткен. Дуальды оқыту 552 колледжде 11 мыңнан астам кәсіпорынның қатысуымен жүзеге асырылып жатыр.