Қазақстанда бірінші сыныпқа құжат қабылдау жалғасып жатыр. Жаңа оқу жылында 380 мыңнан астам бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды деп күтілуде.
Қазіргі таңда болжанған көрсеткіштің шамамен 84 пайызы орындалған. Яғни 320 мыңға жуық бала мектепке қабылданып үлгерді.
Олардың 296 мыңға жуығы мемлекеттік мектептерде, ал 23 мыңға жуығы жекеменшік білім беру ұйымдарында оқиды. Қалалық мектептерге 191 мыңға жуық, ауылдық жерлердегі мектептерге 128 мыңға жуық бала қабылданған.
Сонымен қатар бірінші сыныпқа ерекше білім беру қажеттілігі бар 4 мыңға жуық бала тіркелді.
Құжат қабылдау 2026 жылғы 27 мамырдан 31 тамызға дейін кезең-кезеңімен жүргізіледі. Ата-аналар өтінішті eGov.kz порталы, eGov Mobile қосымшасы арқылы немесе таңдаған мектебіне тікелей тапсыра алады.
Өтініштердің шамамен 84 пайызы электронды түрде берілген.
Бірінші сыныпқа баратын балалар саны бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр. Мұнда 50 мыңнан астам бүлдіршін мектепке барады деп болжанған.
Ал Алматы облысында 35 мыңнан астам, Астанада 33 мың, Алматы қаласында 31 мыңнан астам, Шымкентте 29 мыңнан астам бірінші сынып оқушысы болады деп күтілуде.
Оқу-ағарту министрлігі ата-аналарға құжаттарды белгіленген мерзімде тапсыруды ескертеді.