Жаңа оқу жылы басталар алдында Ішкі істер министрлігі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын күшейтті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қазір Қазақстанда 7656 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Оларда 283 мыңнан аса бейнебақылау камерасы орнатылған. Оның ішінде 7159 мектеп полицияның жедел басқару орталықтарына немесе кезекші бөлімдеріне қосылған. Бұл қауіп төнген жағдайда жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Балалардың мектепке барып-қайту жолдарының қауіпсіздігі де тексерілді. ІІМ білім беру нысандарының маңындағы жол инфрақұрылымына 9417 тексеріс жүргізіп, анықталған кемшіліктерді жою жөнінде 4070 нұсқау берген. Қазір олардың 3440-ына жауап алынған.
Мектептердің маңына 258 жаяу жүргіншілер өткелі, 1429 жасанды жол кедергісі, 4854 жол белгісі орнатылып, 10 шақырымнан аса қоршау мен 1897 жарықтандыру нысаны жабдықталған.
Министрлік балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тек полицияның емес, ата-аналар, мұғалімдер, мемлекеттік органдар және бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін мәлімдеді.