Заң құмар ойынға тыйым салып қана қоймай, ойынқұмарларды медициналық оңалтуды да көздейді – Нұртөре Жүсіппен

Асхат Қойшығараұлы 10 шіл. 2024 11:47 9046

Бірер күн бұрын ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойғанын жаздық. Бұл құжаттың дәл қазіргі таңда өзектілігі зор болып тұрғанын жасыра алмаймыз. Өйткені, құмар ойынға құлқынын алдырғандардың қатары жиілеп барады, тіпті лудомания төртінші жұтқа айналды десек, қателеспейміз.

Осы орайда біз Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіппен аз-кем тілдесіп, көкейіміздегі сауалымызды қойғанбыз.

Нұртөре Байтілесұлы, алдымен ойын бизнесіне, құмар ойынға шектеу қоятын заңның қабылдануына не түрткі болғанын атап өтсеңіз.

– Барлықтарыңызға мәлім, быил Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы жастардың ерекше тәуекел тобына жататынына баса назар аударып, лудоманияны басты әлеуметтік мәселелердің бірі деп атады. Бұл тәуелділік өскелең ұрпаққа орасан зор зиянын келтіреді. Осыған байланысты Президент мемлекеттік органдарға азаматтардың жекелеген санаттары үшін құмар ойындарға қатысты шектеу қою бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды. Бұл жұмыстың нәтижесі тиісті заңнамалық қосымшаларды әзірлеу болып саналады. Мемлекет басшысы лудоманиямен күресуде тәрбиелік-түсіндіру шараларына баса назар аудару керектігін атап өтті.

Сондай-ақ, Президент елдегі лудоманияның дамуын болдырмауға көмектесетін қоғамдық көзқарастарды қалыптастыруда жұртшылықтың, дін қызметкерлері мен БАҚ-тың маңызды рөлін атап өтті. Лудоманияға тәуелділікпен күресуде ең бастысы – мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, сондай-ақ халықтың шоғырландырылған, бірізді және жүйелі жұмысы деп айтқан.

Осы ретте, Мемлекет басшысы лудоманияға қарсы жүйелі жұмысты жолға қоюды, кешенді жоспар қабылдап, тиісті заңды қабылдауды жеделдетуді тапсырды. Осылайша, Парламент ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді, соның ішінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулерді қабылдады.

– Ал қолданысқа енген осы құжаттың көздегені не, бұл біздің қоғамда қандай мәселелерді реттейді?

– Бұл заңдар 6 Кодекс пен 15 Заңға, соның ішінде 2023 жылғы 4 қыркүйектегі Қауіпсіздік кеңесінің отырысында және 2024 жылғы 14-15 наурызда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысының елдегі лудоманияға қарсы күрес жөніндегі тапсырмаларын орындауға бағытталғандарды қоса алғанда, 100-ден астам түзетулерді қамтиды.

Айта кету керек, Үкімет заңсыз ойын бизнесіне және лудоманияға қарсы күрестің 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарын қабылдады, ол ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі туралы заңның негізгі ережелерімен толық үйлестірілген. Өзін-өзі шектейтін тұлғаларға арналған заң құмар ойындарға қатысуды өзін-өзі шектеудің ең жоғары мерзімін 1 жылдан 10 жылға дейін ұлғайтады. Тыйым салуды ертерек тоқтату мүмкін болмайды.

Заңмен, сондай-ақ борышкерлердің бірыңғай тізіліміне енгізілген жеке тұлғаларға құмар ойындарға қатысуға және бәс тігуге тыйым салу қосымша анықталады, олардың саны – шамамен 3,5 миллион адам. Осылайша, қабылданған шаралар букмекерлік кеңселердің әлеуетті клиенттерінің санын азайтуға бағытталған. Сонымен бірге, жоғарыда аталған тұлғаларды құмар ойындар мен бәс тігуге тартқаны және жібергені үшін заңды тұлғалардың әкімшілік жауапкершілігі енгізілген.

Сонымен қатар, заң нормаларына сәйкес, мемлекеттік қызметкерлерге құмар ойындардың кез келген қызметі – букмекерлік кеңселер, казинолар және онлайн казинолар шектелетін болады. Осылайша, жалпы саны 280 мыңға жуық адамды құрайтын әскери қызметкерлер, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары құмар ойындарға қатыса алмайды. Заңды бұзған жағдайда оларға қатысты келеңсіз себептермен жұмыстан босатуға дейінгі қатаң шаралар қолданылатын болады.

Тағы айта кетерлігі, ойын бизнесін ұйымдастырушыларға арналып ойын мекемелерінде және өздерінің интернет-ресурстарында құмар ойындарға қатысудың және бәс тігудің қауіптілігі мен зияны туралы ескертулерді орналастыруға міндеттеме енгізілуде. Заң ойын мекемелерінің, букмекерлік кеңселердің немесе лотереялардың жұмысының типтік ережелерін қабылдауды көздейді. Типтік ережелерде казино мен букмекерлік кеңселер клиенттерінің мүдделерін қорғайтын нормалар көзделетін болады.

– Жалпы, құмар ойынға салынған адамды емдеуге болатынын айтады дәрігерлер. Бұл құжатта осы жағына назар аударылған ба?

– Иә, заңмен құмар ойындарға тәуелді адамдарды медициналық оңалту тәртібі де анықталған. Осылайша, медициналық құпияны сақтай отырып, құмар ойындарға тәуелді адамдарға консультативтік бақылау динамикалық тіркеусіз енгізілуде.

Заңның кезекті маңызды жаңалықтарының бірі – 21 жасқа толмаған тұлғаларға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салу. Бұл норма да балаларды энергетикалық сусындардың зиянды әсерінен қорғауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, Заң байланыс операторларына құмар ойындар мен бәс тігуге арналған жарнаманы қамтитын хабарламаларды жіберуге тыйым салады. Букмекерлік кеңсенің немесе тотализатордың орналасқан жерінде, спорт құрылыстарының ішінде және спортшылардың жабдықтарында орналастырылғандарды қоспағанда, ғимараттарда, көлік құралдарында букмекерлік кеңселер мен тотализаторлар ғимараттарының сыртқы жарнамасына тыйым салынады.

БАҚ-та спорттық тақырыптағы, сондай-ақ отандық телеарналардың халықаралық спорт жарыстарын тікелей трансляциясы кезіндегі жарнаманы қоспағанда, букмекерлік кеңселермен тотализаторларды бұқаралық ақпарат құралдарында, кино, бейне және анықтамалық қызметтерде жарнамалауға тыйым салынады. Букмекерлік кеңселердің жарнамасын таратқан жағдайда 60 АЕК және одан жоғары айыппұлдар қарастырылған.

Сондай-ақ, Туризм және спорт министрлігінің шетелдік букмекерлік кеңселердің, лицензиясы жоқ тотализаторлардың, интернет-казинолардың тізімін жүргізу, сондай-ақ банктер мен төлем ұйымдарының олардың пайдасына қаржылық операцияларды жүргізуіне тыйым салу құзыретін белгілейді. Сонымен бірге, енді онлайн-казино ұйымдастырушыларына екі жылға дейін бас бостандығынан айырылумен қылмыстық жауапкершілікке тартылу қаупі бар.

– Нұртөре Байтілесұлы, менің білуімше, қазіргі кезде көптеген қоғамдық орындарда онлайн-казинолардың терминалдары толып тұр...

– Иә, дұрыс айтасың, бұлар да ұлт ертеңін бұзылуына өзіндік ықпалын тигізетіні сөзсіз. Сол себептен де, Заңға сәйкес, электронды лотерея билеттері тек ресми интернет-ресурс немесе лотерея операторының мобильді қосымшасы арқылы сатылады. Ал сен айтқан «Lotomatic» терминалдары мен лото клубтарының қызметіне бұдан былай жол берілмейді.

Мұнымен қоса, лотерея билеттерін тұрғын үйлерде, жатақханаларда, ұйымдарда, білім беру, денсаулық сақтау, діни ғимараттар мен құрылыстарында, сондай-ақ білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарынан жүз метр радиуста таратуға тыйым салынады. Бұл шаралар көшелерде лотерея өнімдерінің физикалық тұрғыдан болуын бірнеше есеге азайтады. Көшеде тек классикалық лотереяларды сататын нүктелер қалады.

– Реті келгенде айта кетейік, жақында Президент әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін нығайтатын құжатты да мақұлдады. Алайда, бұл заң ел ішінде біршама түсініспеушілік туғызған болатын.

– Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылдың қаңтар айында «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында: «Мен «заң және тәртіп» қағидатын нығайтуды жақтаймын, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды қолдаймын», –деген-ді. Яғни, Мемлекет басшысының ұстанымы айқын: заңның үстемдігін белгілеу және заң нормалары сақталатын әділетті қоғам құру. Заң мен тәртіпті орнату оның сайлауалды бағдарламасының негізі деуге болады. Мемлекет басшысы ұсынған «заң және тәртіп» қағидаты барлық мәселелер құқықтық салада шешілуі керек дегенді аңғартады. Бұл қағидаттың екі қыры бар. Біріншісі – «заң бар жерде тәртіп бар». Екіншісі – «заң бұзылмаған жерде тәртіп бар». Демек, қылмыстың алдын алу аса маңызды.

Президент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарға қол қойды. Құжат Мемлекет басшысының әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген көрінісі үшін жауапкершілікті қатаңдату, отбасы институтын нығайту және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оның ішінде бала құқықтары жөніндегі уәкілдің қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға бағытталып отыр. Заң шығарушы орган қоғамның сұранысына сәйкес жаза түрлерін анықтады. Қатаң жаза – қылмыстың алдын алудың және қоғамды қауіпті қылмыскерлерден қорғаудың тиімді әдісі.

Осылайша, заңда, ең алдымен, қылмыстың алдын алуға және азаматтардың құқықтарының әділдігі мен қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған шаралар кешені көзделген. Жалпы, Заңның негізгі мақсаты жазалаушы емес, алдын алу сипатына ие. Сонымен қатар, енгізілген түзетулер балалардың құқықтық санасын қалыптастыруға арналған. Кәмелетке толмағандарды қорқыту және кибербулинг үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді.

– Шындығында, күнделікті өмірде кәмелетке толмағандар арасында буллинг жиі кездеседі. Осыған байланысты білім беру ұйымында ұзақ уақыт бойы буллингке қарсы тұрудың заңды тетіктері болған жоқ. Олар тек  профилактикалық сөйлесумен және мектепішілік есепке алумен шектелуге мәжбүр болды. Жаңа Заң аясында осыған қандай да бір шара қолданыла ма?

– Заң кәмелетке толмағандардың буллинг үшін жауапкершілігін қарастырмайды, бірақ ата-аналарға балаларының әрекеттері үшін нақты жаза тағайындайды, бұл тежеу механизмі болуы керек. Мәселен, егер бұл әрекетті 12 жастан 16 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар жасаса – ескерту немесе 10 АЕК айыппұл ата-аналарына немесе оларды алмастыратын адамдарға салынады. Мұндай жауапкершіліктің пайда болуы балаларға да, ата-аналарға да, бүкіл қоғамға бұл мәселеге байыпты қарауға мүмкіндік береді. Заң жұмыс істеуі керек!

– Нұртөре Байтілесұлы, Премьер-Министрдің атына жолдаған бір сауалыңызда халықтың мәдени деңгейіне қатысты проблемаларды көтергеніңіз бар. Бұл біздегі бұқараның қоғамдық мәдениетті меңгермегенін меңзей ме?

– Қай жылы Тәжікстанның жеміс-жидегіне таласқан жұртты көріп жағамызды ұстаған едік қой. Дәл жаңа жылдың алдында шоколад шыршасын бір минутта тайпап кеткендерді де көрдік. Осы видеолар халықаралық пабликтерде мыңдаған қаралым жинағанын байқап, жүрегім ауырды. Сонда біздің мәдени деңгейіміз, жеткен жеріміз осы болғаны ма деген сауалдың да қылаң бергені сол еді.

Рас, мемлекет тарапынан халықтың мәдени деңгейін көтеруге, таным-түсінікті кеңейтуге бағытталған бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атқарылған жұмыстардың бәрінің түпкі мақсаты – елдік санамызды оятып, тарихи жадымызды қайта қалпына келтіруді көздейді. Дегенмен, қазіргі кезде осының бәрі жеткіліксіз болып тұр.

Президент "Толық адам", "Адал азамат" деген идеяларды ұсынды. Бұлар да құндылық. Осының бәрін кім жүйелейді? Айтылған сөз айтылған жерде қалмауы керек. Жиырма миллион Қазақ еліне ортақ осындай құндылықтар жүйесі қашан жасалады? Жас ұрпақ тәрбиесі мен мәдени деңгейімізді көтеру мәселесіне мұқият көңіл бөлмесек болмайды. Сондықтан да мен осындай проблеманы шешуді көздейтін Үкіметтің тұжырымдамалық ұсыныстарын жан-жақты пысықтауды және жедел әзірлеуді көтердім.

– Бүгінде діни құлшылық орындарында болып жатқан келеңсіздіктерді де байқап қалып жүрміз. Жат пиғылды діни ағымдар елімізде жанданып бара жатқандай әсер қалдырады. Бұл ахуал сізді алаңдатпай ма?

– Иә, Сенаттың жалпы отырысында қоғамды бүлдіргі діни ағымдардан қорғайтын заңдарды жетілдіретін уақыт келгенін айтқаным менің осы мәселеге немқұрайды қарамағанымды аңғартады. Рас, Қазақстан – демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет. Конституцияға сәйкес бізде ар-ождан бостандығы бар. Иман – жүректе. Ізгілік – тілекте. Азамат қай дінді ұстанады? Оның сенім–нанымы қандай? Әркімнің өз еркі. Бұған Ата заңда кепілдік берілген. Бірақ солай екен деп өзіміз өмір сүріп отырған қоғамды ала тайдай бүлдіруге, өз діни ұстанымын өзгеге таңуға, топ құрып, жік-жікке бөлінуге жол беруге болмайды. «Домбыра – харам, сәлем салу – харам, елдің бәрі хиджаб пен ниқаб киюі керек» деген талаптар Конституциямызға қайшы келеді.

ХХІ ғасыр – жаһандану заманы. Өркениет көшін бастап келе жатқан мемлекеттер қайда? Біз қайдамыз? Озық жұрт қазір Жасанды интелектпен, технологиялық жетістіктермен айналысып жатқанда, біз елімізді орта ғасырдағы деңгейге сүйремекпіз бе? Ұлттық құндылықтар – қазіргідей жаһандану кезеңінде жастарды түрлі гибрид, субмәдениеттердің ықпалына түсіп кетуден қорғайтын бірден бір иммунитет. Біздің ата салтымыз бар. Халықтық қалпымыз бар. Қанша дәуірден бері қалыптасқан Ұлттық құндылықтарымыз бар. Солардың бәрін тәрк етеміз бе? Ата дінімізді ардақтаудың, салт-дәстүрімізді сақтаудың орнына бүкіл қоғам болып өзге ағымдардың жетегінде кетеміз бе? Мәселе дабыл қағарлық деңгейге жетті.

Елімізде дінге қызығушылардың орташа жас мөлшері жасарып келеді. Бейресми деректерге сәйкес, діни білім ізденушілердің 75 пайызы ашық интернет ресурстарды пайдаланады. Өз кезегінде деструктивті күштер ақпараттық кеңістіктің барлық мүмкіндіктерін өз қызметінде оңтайлы пайдаланып отыр. Бүгінгі таңда ашық интернет ресурстар арқылы, Ислам дінінің кейбір ұстанымдарын алға тартып, салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарымызды жоққа шығаруға тырысқан контенттер көбейді.

Бүгінде осындай сырт күштерден азматтарды арашалап алуға көмек көрсететін сауатты теологтар мен имамдар да тапшы. Себебі елімізде имамдарды дайындайтын 9 медресе мен бір ғана университет жұмыс істейді (Нұр-Мүбарак). Нәтижесінде Иордания, Египет, Түркия, Сауд Арабиясы және тағы басқа шетелдерге бейресми, өз бетімен барып оқып жатқан азаматтар аз емес. Олардың білімінің идеологиялық бағыты мен дәстүрлі дінімізге сәйкестігі сұрақ тудырады. Шетелдерден өз бетінше діни білім оқып келіп жатқан азаматтарды, қайта даярлықтан өткізетін және дипломдарын аккредитациялайтын ұлттық дәстүрге негізделген орталық құруды және Үкімет бұл өзекті мәселелерді қатаң бақылауда ұстауы керек.

– Алайда, біздің елімізде жастарды тәрбиелеуге ықпал етуі тиіс рухани орталық – кітапханалардың да жағдайы мәз емес екені жиі айтылады. Үлкен қалалар мен облыс орталықтарындағы кітапханаларды айтпағанда, ауылдардағы осындай мекемелердің келбеті көбіне жүрек ауыртады. Кадр тапшылығы бөлек әңгіме.

– Сен біле білсең, Қазақстандағы қатардағы кітапханашылардың орташа жалақысы 125 000 теңгені құрайды, бұл білікті кадрлардың осы саладан кетуіне алып келеді. Қазіргі уақытта кітапхана саласын дамыту үшін қажетті заңнамалық база жоқ. Кітапханалардағы компьютерлер мен көшіру-көбейту техникасымен нашар жабдықталған, көбісі ескірген. Көптеген кітапхананың ғимараттары ұзақ жылдар бойы күрделі жөндеуден өтпеген. Арнаулы кітапханалардағы, балалар, жасөспірімдер, зағип және нашар көретіндерге арналған кітапханалардың жағдайы көңілден шыға бермейді. Мүгедектігі және ерекше қажеттіліктері бар адамдардың кіруі және еркін жүруі өте қиын. Пандустар, әмбебап кабинасы бар санитарлық тораптар, көлік құралдарына арналған тұрақ орындары жоқ.

Сонымен қатар қолжетімді кітаптардың көпшілігі ескірген және оқырмандардың заманауи ақпараттық сұранысына сәйкес келмейді. Қаржыландырудың жеткіліксіздігіне байланысты кітап қорын жыл сайын жаңарту ісі кейінгі 20 жылда небары 1,8 пайызды құрап отыр. Авторлық құқық туралы заңның нормалары қазіргі авторлардың шығармаларын цифрлық форматта толық ұсынуға мүмкіндік бермейді, бұл кітаптарға қолжетімділікті шектейді.

Көпшілік кітапханалардың тек 60,7 пайызыы интернет желісіне толыққанды қол жеткізе алады. Осыған байланысты, кітапхана саласын жаңғырту, кітапханаларға қатысты мемлекеттің жауапкершілігі мен міндеттерін айқындау үшін «Кітапхана ісі» туралы жеке заң қабылдау қажет. Білікті кадрларды тарту және ұстап қалу үшін кітапханашылардың жалақысын мемлекеттік деңгейде көтеру керек. Өңірлік кітапханалар қорларын толыққанды және уақтылы толықтыру үшін Кітапханалық бірыңғай орталық құру керек.

– Әңгімеңізге рахмет! Осындай игі істерге бастамашы бола беріңіз!


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар