Freedom Inside '26

Жәкішев шетелдік күйеубаласы мен құдаларын мақтап, жазба жариялады

Жәкішев шетелдік күйеубаласы мен құдаларын мақтап, жазба жариялады
Фото: instagram.com/dzhakishevmukhtar

Кәсіпкер Мұхтар Жәкішев қызының шетелдік жігітке тұрмысқа шығуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды dalanews.kz.

5 маусым күні қызы Алтынайдың ұзату тойы өткен болатын. Жәкішевтің қызы қара нәсілді шетелдік жігітке тұрмысқа шықты. Бұл той әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп, қоғам Жәкішевті сынаған болатын. Кәсіпкердің қызы Жәкішев сотталғаннан кейін шетелге көшіп, білім алған. 

Әрбір әке үшін орны бөлек, ерекше күн. Ұядан ұшқан кіп-кішкентай қызыңның есейіп, бойжеткенін және өмір жолын бірге жүріп өтетін серігін таңдағанын іштей мойындап, тебіренетін сәт. Мен Алтынай үшін шексіз бақыттымын. Бұл таңдау кездейсоқ немесе асығыс жасалған жоқ. Оның негізінде шынайы, пәк махаббат жатыр. Карл екеуі алты жылдан бері таныс. Осыдан екі жыл бұрын Карл Алматыға арнайы келіп, алдымнан өтті. Мен өз батамды бердім, - дейді кәсіпкер.

Мұхтар Жәкішев күйеубаласына жеке тоқталды. 

Карл маған ұнайды. Оның азаматтық ұстанымы дұрыс, алдына қойған мақсаттары айқын әрі ауқымды. Оның еңбекқорлығына, біліміне және алған бетінен қайтпайтын қайсарлығына қарап, көздеген шыңдарын бағындыратынына кәміл сенемін. Бірақ мен үшін ең маңыздысы – қызымды шын жүректен, терең әрі нәзік сезіммен сүйетіні.

Кәсіпкер үлкен қызы тұрмысқа шыққанда түрмеде отырған.

Бұл тойдың мәні мен үшін тым бөлек. Үлкен қызым тұрмысқа шыққанда мен түрмеде отырдым. Ол кезде әке ретінде қолымнан бар келгені Айгеріміме арнаған ақ тілегімді қағазға түсіріп, хатпен беріп жіберу ғана болды. Сол хат тойында оқылды. Ал бүгін бәрі басқаша. Қызыңның қуанышында қағаздағы құрғақ сөзбен шектелмей, сөзі қағаздан ғана оқылатын адам болмаудың өзі бір ғанибет. Қызыңды өзің ұзатып, осынау өмірлік маңызы бар ақ босағадан аттар сәтінде Алтынайыңа жүрекжарды жылы сөздеріңді өзің айта алуың неткен бақыт! Мені тұтқындағанда Алтынай не бары 9 жаста ғана еді. Бостандыққа шыққанымда ол жиырмаға толыпты. Ол менсіз есейді, - дейді кәсіпкер.

Жәкішев қызын бала күнінен қысымнан құтқару үшін шетелге жібердік дейді. 

Ол бала күнінде-ақ, мені жанұямыз арқылы көрсетілетін қысымнан құтқару үшін, туған үйін тастап жат жерге кетуге мәжбүр болды, бөтен елде өсті. Ата-анасының аялы алақаны мен мейіріміне бөленіп отырған баланың кенеттен үйінен жырақтап, жат тілде сөйлейтін бөтен адамдар оқитын мектеп-интернаттан бір-ақ шыққанын түсіну қиын. Бірақ ол сынбады, бәріне төтеп берді. Мектепті, артынша университетті бітірді. Кәсіби журналист, табысты модель ретінде тұлға болып қалыптасты, - дейді ол.

Кәсіпкер өзін сынағандарға жеке тоқталған. Жазбасында Жәкішев құдаларын мақтап, дәстүрін дәріптеген. 

Ал кейбір қисынсыз, орынсыз пікір жазып жатқандар тек аяныш пен жиіркеніш сезімін туғызады. Нағыз намыс күйеу баланың ұлтымен өлшенбейді. Намыс дегеніміз сол намыс үшін тым жоғары баға төлеуге тура келгенде, адамдық арың мен абыройыңды таза сақтап қала алуыңмен өлшенеді! Ұлттың жаманы болмайды. Жаман адамдар болады. Қалған дүниенің бәрі осы қарапайым қағиданың салдары ғана. Ар-ұжданын мансапқа айырбастап, маған қарсы істі қолдан құрастырған тергеушілердің, прокурорлар мен судьялардың ішінде бірде-бір шетелдік болған жоқ. Мені сондай «құдалардан» сақтаған Жаратқанға мың шүкір, - дейді кәсіпкер.

Еске салайық, қазақстандық кәсіпкер Мұхтар Жәкішевтің қызы Алтынай Жәкішева шетелдік жігітке тұрмысқа шыққан болатын

Алтынай Жәкішева 1999 жылы дүниеге келген. Ол модельдік мансаппен айналысады, қазіргі уақытта Лондонда тұрып, жұмыс істейді.