Шығыс Қазақстан облысында Зайсан көлінде қайық аударылып, суға кеткен екі балықшыны іздестіру-құтқару жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оқиға 15 қыркүйекте Тарбағатай ауданының Тұғыл ауылдық округінде болған. Үш ер адам көлге қайықпен балық аулауға шыққан. Қатты жел салдарынан қайық аударылып кеткен.
1968 жылы туған балықшылардың бірі өздігінен судан шығып, жергілікті тұрғындар тарапынан құтқарылды. Ал 1968 және 1995 жылдары туған екі ер адам суға батып кеткен. Қаза тапқан балықшылардың құтқару кеудешелері болмаған.
Оқиға туралы ақпарат түскеннен кейін көл жағасында Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел штабы құрылды. Іздестіру жұмыстарына ТЖМ сүңгуірлері, құтқару катерлері, қайықтар мен басқа да жүзу құралдары, ұшқышсыз ұшу аппараттары және су асты дроны жұмылдырылды. Жергілікті тұрғындар да іздеу жұмыстарына қатысты.
Бүгін іздестіру барысында жергілікті тұрғындар 1968 жылы туған балықшының денесін тапты. Ал 1995 жылы туған екінші балықшының денесін ТЖМ сүңгуірлері жағадан 8,9 шақырым қашықтықтан анықтады.
Іздестіру жұмыстары тәулік бойы жүргізілді. Құтқарушылар көлдің едәуір бөлігін, соның ішінде су асты техникалық құралдарын пайдалана отырып тексерді. ТЖМ сүңгуірлері барлығы сегіз рет суға түсті.
Құтқарушылардың жұмысына көлдің тереңдігі, түбінің күрделі жер бедері және су астындағы көрінудің төмен болуы қиындық келтірген. Соған қарамастан, іздестіру топтары түрлі іздеу құралдары мен су асты жабдықтарын пайдаланып, көл айдынын толық тексеруді жалғастырды.