Түркістан облысында балалар мінген шағын автобустың апатқа ұшырауы және Алматыдағы әл-Фараби даңғылында болған жол-көлік оқиғасы қоғамда үлкен резонанс тудырды. Осыған байланысты Dalanews.kz тілшісі заңгер Айгүл Орынбекпен сұхбаттасып, мұндай атышулы істер бойынша жүргізушілерді қандай жаза күтіп тұрғанын, жәбірленуші тараптың кешірім беруі үкімге қалай әсер ететінін және кәмелетке толмағандардың қаза болуы жауапкершілікті қаншалықты ауырлататынын анықтап көрді.
Заңгердің айтуынша, аталған істер бойынша жаза жол апатының салдарына және жүргізушінің жағдайына байланысты белгіленеді.
“Егер жүргізуші мас болмаса және жол апаты салдарынан бір адам қайтыс болса, оған бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Ал екі немесе одан да көп адам көз жұмса, жаза бес жылдан он жылға дейін ұлғаяды. Егер жүргізушінің мас күйде болғаны анықталса, жауапкершілік одан әрі күшейеді. Мұндай жағдайда он жылға дейін бас бостандығынан айырылып, өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырылуы мүмкін”, – дейді Айгүл Орынбек.
Оның сөзінше, жол апаты салдарынан кәмелетке толмағандардың қаза болуы да сот үкіміне әсер етеді.
“Заң бойынша екі немесе одан көп адамның қайтыс болуы ең ауыр санкция қарастырылған баппен сараланады. Марқұмдардың бала болуы да соттың жаза тағайындау кезінде ескеретін мән-жайларының бірі. Тәжірибеде мұндай жағдайларда соттар қатаңырақ жаза қолдануға бейім келеді”, – дейді Орынбек.
Сонымен қатар заңгер Түркістан облысындағы жағдай бойынша тек жүргізушінің ғана емес, балалардың жолға шығуын ұйымдастырған тұлғалардың жауапкершілігі де қарастырылуы мүмкін екенін атап өтті.
Оның айтуынша, сот үкім шығарған кезде жүргізушінің кінәсін мойындауы, жасаған әрекетіне өкінуі, бұрын сотталмағаны және жәбірленуші тарапқа материалдық көмек көрсетуі сияқты жайттарды назарға алады. Ал жылдамдықты шамадан тыс асыру немесе көлікті мас күйде басқару жауапкершілікті ауырлататын мән-жайларға жатады.
Заңгер жәбірленуші тараптың кешірім беруі қылмыстық жауапкершіліктен толық босатпайтынын да айтты.
“Бұрын кейбір істер тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылатын. Алайда қазір адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғалары бойынша мұндай мүмкіндік жоқ. Марқұмдардың туыстары кешірім беріп, ешқандай талап қоймайтынын айтқан күннің өзінде қылмыстық іс тоқтатылмайды. Бұл жағдай тек жаза мерзімін белгілеу кезінде жеңілдететін мән-жай ретінде ғана ескерілуі мүмкін”, – дейді ол.
Айтуынша, мұндай істерде сот ең алдымен жол апатының нақты мән-жайын, кінәнің деңгейін, жүргізушінің әрекетін және салдардың ауырлығын жан-жақты бағалайды.
Еске салайық, 22 сәуір күні Түркістан облысындағы Арыс – Шардара тасжолында қайғылы жол-көлік оқиғасы болды. Алдын ала мәлімет бойынша, Мақтаарал ауданынан волейбол жарысына бара жатқан мектеп оқушылары мінген Chevrolet Cobalt көлігі КамАЗ жүк көлігімен соқтығысқан. Салдарынан үш жасөспірім оқиға орнында көз жұмып, жаттықтырушы мен тағы бір оқушы ауруханаға жеткізілген. Полиция балаларды тасымалдау туралы құзырлы органдарға алдын ала хабар берілмегенін мәлімдеп, оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғады.
Ал Алматыдағы әл-Фараби даңғылында болған жол апаты 21 наурызға қараған түні тіркелген. Тергеу мәліметінше, Zeekr көлігінің жүргізушісі қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты. Қазіргі уақытта іс сотта қаралып жатыр. Соңғы сот отырыстарында жәбірленуші тарап өкілдерінің айыпталушыға кешірім бергені және оған талап-арыздарының жоқ екені белгілі болды.