Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде халықаралық білім беру кеңістігіне бағытталған маңызды бастама жүзеге асып жатыр. 2024–2025 жаңа оқу жылында университет базасында Италияның Марке политехникалық университеті (Università Politecnica delle Marche) филиалы өз жұмысын ресми түрде жүргізуде, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл — Қазақстан мен Италия арасындағы ғылыми-білім беру байланысын нығайтуға бағытталған халықаралық ынтымақтастықтың нақты нәтижесі. Филиалдың ашылуы аймақтық жоғары білім беру жүйесіне жаңа серпін беріп, Жетісу жастарына әлемдік деңгейде білім алуға мүмкіндік туғызды.

Бүгінде оқу процесіне тікелей италиялық профессорлар қатысып, дәріс сабақтарын өткізіп жатыр. Олардың қатарында: Доктор Жанлука Брунетти (Gianluca Brunetti) – ауыл шаруашылығы химиясы және биохимиясы бойынша ассоциирленген профессор, доктор Симоне Пианчателли (Simone Piancatelli) – өсімдік патологиясы саласының білікті маманы.
Шетелдік профессорлар студенттерге тек теориялық білім беріп қана қоймай, Италия мен Еуропаның жетекші зертханаларында қолданылатын тәжірибелермен, инновациялық әдістемелермен бөлісуде. Сабақтар интерактивті форматта өтіп, заманауи зертханалық құралдар мен мультимедиялық технологиялар кеңінен қолданылуда.

Жетісу университеті басшылығының айтуынша, бұл жоба университеттің халықаралық беделін арттырып қана қоймай, өңірдің білім беру экожүйесіне жаңа серпін бермек. Екі елдің ғылыми қауымдастығы арасындағы бұл серіктестік болашақта бірлескен зерттеулер мен академиялық алмасуларға жол ашады.
«Марке политехникалық университетінің филиалы – біздің студенттеріміз үшін әлемдік білім кеңістігіне жол. Бұл бастама сапалы білім мен халықаралық тәжірибені ұштастырудың нақты үлгісі. Біздің мақсатымыз – түлектеріміздің жаһандық еңбек нарығында бәсекеге қабілетті маман болып шығуы», – дейді І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің басқарма Төрағасы-ректор Ермек Бөрібаев.
Марке политехникалық университетінің филиалы — Жетісу университетінің халықаралық деңгейге шығуындағы маңызды қадам және еуропалық білім беру стандарттарын енгізу бағытындағы жаңа белес болып отыр.
