Ит талаған баланың оқиғасы: желіде жаңа видео пайда болды

Сағыныш Сардарова 04 шіл. 2025 11:59

Алматы облысында иттер талап тастаған 10 жастағы баланың оқиғасына қатысты желіде видеожазба тарады. Видео Instagram-дағы жануарларды қорғау бойынша Inucobo қауымдастығының парақшасында жарияланды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бейнежазбаның сипаттамасында Максим есімді баланың досымен бірге тәуелді адамдарды оңалту орталығының қоршауының маңында ұзақ ойнағаны айтылған.

"Бұл орталықта ішімдік пен есірткіге тәуелді жандар емделеді. Сол жерде кинолог Алмаз өз иттерін ұстайды. Балалардың мұндай жерде ұзақ уақыт ойнауы – түсініксіз жағдай. Ата-аналары неге оларды осындай жерлерден алыс жүруге үйретпейді?" – делінген видеодағы сипаттамада.

Жануарларды қорғаушылар балалар иттерді өздері ашуландырып, жануарлардың агрессиясын туғызған деген пікірде.

Tengrinews.kz сайтына берген сұхбатында иттердің иесі, кинолог Алмаз Хамеев видеожазбаның көрші ғимараттағы камерадан түсірілгенін айтты. Оның сөзінше, видеода нақты шабуыл сәті жоқ. Бірақ онда баланың айқайы мен иттердің үрген дауысы анық естіледі.

Хамеевтің айтуынша, оқиға стадионда емес, орталықтың жекеменшік ауласында болған, баланы ол жерге жанындағы досы итеріп жіберген-мыс.

"Камера аумақты толық қамтымайды. Егер оқиға стадионда болғанда, дауыс анық естілмес еді", – дейді иттердің иесі.

Қазір оқиға бойынша тергеу жалғасып жатыр.

Еске салайық, Алматы облысының Қарасай ауданына қарасты ауылда 10 жастағы баланы екі қабаған ит талап, ауыр жарақаттады. Оқиға 30 мамырда болған.

Оқиғаның басты куәгері әрі баланы құтқарып қалған ауыл тұрғыны, зейнеткер Серікбек Сақайбековтың айтуынша, сол күні көлігімен жолаушы әйелді үйіне жеткізу үшін бара жатқанда, бір топ баланың шулап, жан-жаққа қаша жөнелгенін көрген. 

Қазір 10 жастағы бала Қарасай аудандық орталық ауруханасында ауыр жарақатпен ем алып жатыр.

Баланың анасы Екатерина Бурмистрованың айтуынша, ұлының жағдайы өте қиын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар