Испанияда екі асқан жылдамдықты пойыздың рельстен шығуы салдарынан 21 адам қаза болды. Тағы шамамен 100 адам жарақат алған, олардың 30-ының жағдайы ауыр. Бұл туралы Испанияның ішкі істер министрлігі дүйсенбіге қараған түні, 19 қаңтарда хабарлады, деп жазады Dalanews.kz.
Қайғылы оқиға 18 қаңтар кешке Испанияның Кордова провинциясында болған. Малагадан Мадридке бағыт алған Iryo компаниясының пойызы рельстен шығып, көрші жолға өтіп кеткен. Сол жерде ол Уэльва қаласына бет алған қарсы бағыттағы пойызбен соқтығысқан.
Оқиғаның себебі әзірге белгісіз. Испаниялық БАҚ дерегінше, екі пойызда жалпы саны 400 адам болған.
Испания премьер-министрі Педро Санчес жағдайды жіті бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді. Қайғылы жағдайға байланысты елдің корольдік отбасы да көңіл айтты.
Оқиға орнында құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Мамандар пойыз ішіндегі тірі қалған жолаушыларды іздеуде. Жергілікті телеарнаға берген түсініктемеде олар соқтығыс кезінде негізгі соққы тиген вагондарда қанша адамның аман қалғанын әзірге нақты айту мүмкін емес екенін жеткізді.
Аймақтық азаматтық қорғау қызметінің басшысы Мария Белен Моя Рохас Canal Sur телеарнасына апат қолжетімі қиын аумақта болғанын айтты. Оның сөзінше, жергілікті тұрғындар зардап шеккендерге көмектесу үшін оқиға орнына көрпе мен ауызсу алып келген.
