Ұлттық құрылтай мүшесі, исламтанушы Қайрат Жолдыбайұлы дін саласындағы өзекті мәселелерді көтеріп, оларды шешу бойынша бірнеше ұсынысын жеткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, қазіргі таңда дін тақырыбында кез келген адам пікір білдіріп, кейде орынсыз, тіпті бұрмаланған ақпарат таратуға жол беріп жатыр.
"Дін саласының маманы болсын-болмасын, әйтеуір не болса соны айтып жүргендер көбейіп кетті. Сондықтан осындай адамдарға жауапкершілік жүктейтін заң қабылдау қажет. Өйткені жөнсіз әңгімелер әсіресе жастардың теріс бағытта білім алуына және халықтың дінге деген көзқарасының өзгеруіне себеп болып отыр", – деді исламтанушы.
Сондай-ақ ол дін мен тарихи тұлғаларға қатысты орынсыз пікірлер мен әдепсіз сөздердің жиілеп кеткенін атап өтті.
"Екіншіден, әл-Фарабиден бастап, ата-бабаларымыз ұстанған дәстүрлі дінге тіл тигізу үрдісі белең алып барады. Алайда мұндай әрекеттер заңмен реттелмеген, кінәлілер жауапқа тартылмайды. Бұл – үлкен мәселе", – деп қосты ол.