Инвесторлар қай елді таңдайды: Қазақстанды ма әлде Өзбекстанды ма?

Кәмшат Тілеухан 20 мау. 2025 11:38

"UNCTAD ұйымының жуырда жарық көрген "Қаз" есебіне сәйкес, Қазақстан соңғы 30 жылда алғаш рет Орталық Азиядағы тікелей шетелдік инвестиция (FDI – Foreign Direct Investment) тарту көрсеткіші бойынша ең соңғы орынға сырғыған. Елімізде 2024 жылы инвестиция ағыны теріс мәнге ие болып, минус 2,5 млрд долларды құраған. Ал осы рейтингтің көшін, бір қызығы Өзбекстан бастап тұр: былтырғы инвестиция көлемі 2,8 млрд долларға жеткен". Осылай деп желідегі өз жазбасын бастаған экономист әрі "Комментарий" Telegram арнасының авторы Эльдар Шамсутдинов Қазақстанның инвестициялық тартымдылығының бұлайша қолдан "сұйылуына" не себеп екенін жіліктеп шағып көрсетеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Әсіресе, өнеркәсіп саласында айырмашылық айтарлықтай көрсеткішке ие: Қазақстанға тартылған инвестиция 4,4 млрд доллар болса, Өзбекстанда – 11,4 млрд доллар. Салыстырмалы түрде  2014 жылы Қазақстанның негізгі капиталына тартылған инвестициялар Өзбекстаннан екі есе артық, ал экономика көлемі 2,5 есе үлкен болған. Қазір бұл алшақтық жойылды деп айтса да болады. Неге? Осы арасын тарқатып көрелік. Мұндай есептердің қалай дайындалатынын жақсы білеміз ғой. Әдетте, олар IMF (ХВҚ), World Bank (Дүниежүзілік банк), EBRD (Еуропа қайта құру және даму банкі) секілді халықаралық қаржы институттарына арналады, олардың мүддесін ескеретін арнайы есептер болады. Мені жаңсақ түсініп қалып жүрмеңіздер, бұл есепте пайдалы ақпараттар да жетерлік. Бірақ, ең алдымен, бұл арада аталған құжаттардың негізгі пайдаланушысы кім екенін түсінген маңызды, сонда ғана мәліметтің шынайы мәні анықталады", - дейді маман.

Шамсутдиновтың айтуынша, БҰҰ 2025 жылғы WIR есебінде Өзбекстанды сәтті реформалар моделінің үлгісі ретінде көрсетеді. Атап айтқанда, 11,4 млрд доллар өнеркәсіптік инвестиция, цифрлық инфрақұрылымның өсуі, халықаралық институттармен белсенді әріптестік орнату секілді жетістіктеріне ерекше назар аударады.

"Ал Қазақстан туралы өте қысқа, үстірт есеп беріледі:  инвестициясы 4,4 млрд доллар деп көрсетілген, алайда оның құрылымы, қайдан келгені, институционалдық дамуы туралы ештеңе айтылмаған. Сырт көзге, бір қарағанда, бұл статистика шынайы сияқты көрінеді. Бірақ, шын мәнінде, маңызды детальдарды назардан тыс қалдыру арқылы белгілі бір деңгейде бұл арада манипуляцияға жол беріліп отыр. Өзбекстандағы инвестицияның басым бөлігі EBRD (ЕҚДБ), ADB (Азия даму банкі), Қытай сияқты сыртқы донорлардан алынған мемлекеттік кепілдемесі бар қарыздар есебінен қалыптасқан. Бұл – негізінен саяси шешімдерге және сыртқы қолдауға тәуелді капиталдар. Ал Қазақстандағы жағдай мүлдем бөлек: мұнда нарықтық табыстылыққа негізделген, қарыз жүктемесі төмен, көбіне нақты секторға бағытталған тұрақты жеке инвестициялар басым", - дейді ол.

Сондай-ақ, оның айтуынша, UNCTAD ұйымының өзі халықаралық донорлармен өте тығыз байланыста жұмыс істейді. Ал бұл донорлардың қаржысы мен ресурстары, күн тәртібі де аталған ұйымның есептеріне әсер етеді деген сөз.

"Донорларға реформа тиімділігін, өз көмегінің нәтижесін, бағдарламаларының табысын көрсететін мемлекеттер қажет. Өзбекстан – бұл тұрғыда таптырмас үлгі. Ал Қазақстаннығ жағдайы мүлде басқаша: қалыптасқан нарық, цифрлық мемлекеттік басқару, АХҚО (МФЦА) орталығы, инвесторларды қорғау механизмдері мен арбитраждық жүйе бар. Қазақстан сырттан көмек сұрамайды, өзінің жетістігін жарнамалауға немесе донорлардан жағымды пікір күтпейді. Былайша айтқанда, Қазақстан донорлардың есебінде көрсететіндей "сәтті мысал" болудан тым тәуелсіз. Геоэкономикалық селекция да осылай жүзеге асырылады: егер донорлардың моделін қабылдасаң, рейтинг пен есептерде жақсы көрсеткіш алуға мүмкіндік аласың. Егер олардың моделін қабылдамасаң, жетістіктерің назардан тыс қалады.  Халықаралық ойыншылардың мақсаты түсінікті, ал қазақстандық БАҚ не себепті осындай нарративті қолдап, Қазақстанды жағымсыз көрсететін FDI (тікелей шетелдік инвестиция) графиктерін таратады? Өйткені сол есептің ішінде соңғы 25 жылдық жинақталған деректер бойынша Қазақстан Өзбекстаннан 10 есе көп FDI тартқан. Орталық Азияда Қазақстаннан кейін екінші орында Түркіменстан тұр, бірақ ол туралы есепте, тіпті мүлде айтылмаған да", - дейді Шамсутдинов.

Экономисттің айтуынша, Қазақстанды "жеңіліп жатқан мемлекет", ал Өзбекстанды "сәтті көрші" ретінде көрсету, әдетте ішкі саяси қысымда қолданылатын құрал болып табылады. Бұрын осылай элиталарды "реформа жасамасаңдар, Өзбекстаннан қалып қоямыз" деп қорқытқан екен.

"Бірақ қазір жағдай басқаша. Қазақстанда шынында да маңызды реформалар қолға алынды: тарифтер мен салықтар өсті, жанар-жағармай бағасы еркіне жіберілді, бюджетке өзгерістер енуде. Бұл - өте күрделі әрі ауыр реформалар. Сондықтан "аймақтағы аутсайдер" образын қалыптастырудың еш мәні жоқ. Меніңше, жағдай былай: қазіргі қатаң ақша-несие саясаты мен әлсіз инвестициялық кредиттеу аясында кейбір топтар "сіздердің макроэкономикалық тұрақтылық дегендеріңіз – бос сөз, шынайы ақша басқаларға кетіп жатыр" деген пікірді қалыптастыруда.  Осылайша Ұлттық банкті ақша-несие саясатын жұмсартуға, базалық мөлшерлемені төмендетуге және бюджеттен қосымша жеңілдіктер беруге итермелеп отыр. Бұл – қауіпті жол. Макроэкономикалық тұрақтылық – басты басымдық, ал инфляцияны бақылау – аса маңызды міндет. Корпорациялардың қателігі үшін қарапайым халықтың қалтасына қол салуға болмайды", деп сөзін түйіндейді Эльдар Шамсутдинов.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар