Бірақ, бұл талпыныстардың тиімділігінің төменділігі көбінесе көптеген бастамалардың соңына дейін жеткізілмеуімен, олардың мониторингісінің болмауымен, олардың орнына бұрынғының түрленіп, бірақ назардан тыс қалып қойған бастамалар болып шығатын жаңа тәсілдері мен тетіктердің жетілдірілуімен түсіндіріледі.
Нәтижесінде мемлекеттің кейбір жеке жобаларды қаржыландырып, тікелей бақылауға алу әрекеттерінен гөрі, оның араласпауы оң әсер етіп жатады. Осындай жағдайдан кейін мемлекеттік деңгейде инновациялық қызметті ынталандырудың жанама әдістерін пайдалану қызығушылығының алғашқы белгілері пайда бола бастайды.
Дамыған елдерде ғылыми-технологиялық және инновациялық саясатты жасаушылар қоғам игілігіне, халықтың әл-ауқатын дамытуға арналған ғылыми-технологиялық және инновациялық даму бағыттарына баса көңіл бөлінеді. Ол ең алдымен денсаулықты қолдауға арналған биотехнология, нанобиотехнология және фармацевтика салалары. Бұдан басқа қоғамдық өмірді қамтитын ақпараттық-байланыс технологиялары, рухани, материалдық өндіріс және өзге де қызмет түрлері бар. ЭҚДҰ соңғы форумдарында ғылыми-технологиялық дамудың дәл осы бағыттарына баса назар аударған болатын.
Әр елдің ұлттық инновациялық жүйелерінің салыстырмалы зерттеулері олардың дамуының стратегиялық бағыты мен негізгі факторларын көрсетеді. Осы жағынан ЭҚДҰ елдерінде, әсіресе осы ұйымның ядросы болып табылатын жоғары дамыған елдерде ұлттық инновациялық жүйелерінің (ҰИЖ), олардың даму динамикасы мен тенденцияларының көрсеткіші жоғары. Олар жасаған экономикалық, инновациялық жүйелерінің салыстырмалы талдау әдістемелері туындаған мәселелер мен тенденцияларды дәл және уақытында анықтауға мүмкіндік береді.
Инновациялық қызмет мәселелері көптеген әлемнің индустриалды дамыған елдері үшін басты мәселе болып табылады. Ғылыми-техникалық өнім интеллектуалды қызмет нәтижесі ретінде өнеркәсіптік меншікті қорғау жүйесін құруды талап етеді және дамыған елдердің атрибуты болып табылады. Мысалы, АҚШ технологиялық саясаты мыналарға бағытталған:
- жеке секторды дамыту үшін қолайлы жағдай жасау және өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру;
- технологияларды коммерциялауды дамытуды көтермелеу;
- 21 ғасыр технологиясын жасауға инвестициялау.
Еуропалық одақ елдерінде инновациялық қызметті көтермелеу ұлттық шеңберден шығып, жалпыға ортақ мәселеге айналған. Зерттеулер мен талдамалардағы кооперация еуропалық компанияларға бәсекелестеріне қарсы тұруға, технологиялық ресурстарды біріктіруге, масштабын кеңейту және техникалық, интеллектуалдық мүмкіндіктерін қосу арқылы қаржыны үнемдеуге мүмкіндік жасайды.
Еуропалық одаққа мүше елдердің инновациялық қызмет саласындағы стратегиялық жолы басты бағыттардағы қаржы ресурстарын шоғырландыру болып табылады:
- шағын және орта кәсіпорындарды қаржылай қолдау механизмін құру;
- инновациялық өнімді жасап, шығаратын кәсіпорындарға қандай да бір жеңілдіктер жасайтын жетілген салық механизмін енгізу;
- технология мен өнімді құқықтық қорғау мақсатында шағын және орта кәсіпорындарға қолдау көрсету;
- кадрлардың инновациялық құзыретін арттыру.
Әлемдік тәжірибе қазіргі таңдағы барлық қатысушылардың өзара коммерциялық қатынасы, ғылыми нәтижені нарықтық тауарға айналдыруы ҒЗТКЖ қорытындыларын тәжірибеге қосудың тиімді тәсілі болып табылатынын дәлелдеп отыр. Ондай тәсіл ғылыми зерттеулер мен талдаулар қорытындыларын коммерциялау деген атқа ие. Онда инновациялық үрдістің барлық қатысушылары: ғалымдар мен әзірлеушілер, өндірушілер, инвесторлар экономикалық жағынан қызығуда, яғни инновацияны пайдалану арқылы коммерциялық жетістікке тезірек қол жеткізуге ынта көп. «Коммерциялау» – ғылыми-зерттеулер мен талдаулар нәтижелерін жаңа және жақсартылған өнімдерді, қызмет пен процестерді коммерциялық нәтиже алу үшін нарыққа шығару мақсатында тәжірибеде пайдалану процесі.
Ол әдеттегідей ғылыми зерттеулердің толық аяқталып, коммерциялық тұтынушылар үшін бағалы, ерекшелігі мен артықшылығы басым белгілі бір өнім немесе қызмет бар жерден бастау алады. Коммерциялау өнім нарыққа ұтымды шығарылғанда, шығыны жоқ, яғни сатылымнан түсетін кіріс операциялық шығыннан басым түскен кезде тоқтайды. Сонымен бірге коммерциялау негізгі үш форманы қабылдай алады:
- технологияны коммерциялық пайдалану үшін жаңа бизнес-жобаны бастау;
- бизнеске технологияны пайдалануға лицензия сату;
- техникалық кеңес беру, аналитикалық және талдау қызметтері, сондай-ақ келісім-шарт бойынша зерттеулерді қосқанда қызмет көрестуді ұсыну жолымен технологияны пайдалану.
Американың іс-тәжірибесі
Технология трансфертін реттейтін біраз федералды заңдарды қысқаша қарау бүгінгі механизмдер мен трансферт процестерін түсіну үшін маңызды болмақ. 1980 жылы әлемдегі АҚШ-тың бәсекеге қабілеттілігіне қатысты алаңдаушылығы және Жапония тарапынан бәсекелестіктің өсуі Конгрестің нәтижелер мен университеттік зерттеулер идеяларын коммерциялауға көмектесуіне дейін апарды.
Бэй-Доул заңын қабылдағанға дейін федералдық бюджеттен қаржыландырылатын зерттеулер нәтижелерінен туындайтын интеллектуалды меншік қаржыландыратын федералды органның меншігі болып қалатын. Университтерде зерттеулер идеяларын коммерциялауға стимул болған жоқ. Олар жылына небәрі 250 патент беретін еді. Капитал нарығы да назардан тыс қалды. Ол прототипін жасап, коммерциялық өнімді шығаратын компанияларды табу үшін тиісті инвестицияларды алуда қиындық туғызды.
Осының барлығы университеттер мен ұлттық зертханаларға патентке меншік құқығын беретін және федералды бюджеттен қаржыландырылатын зерттеулер нәтижелерін коммерциялауға жағдай жасайтын 1980 жылы қабылданған технологияларды трансферттеу туралы заңның арқасында өзгерді.
Патентке меншік құқығы туралы мәселенің ашықтығы, жоғары дәрежедегі меншік құқығын көздеген бөтен тұлғалар мен ұйымдар үшін салымдарды жоғалту қаупі азайғандықтан, маңызды күрделі қаржы жұмсалымының қауіпсіз әрі нақты болуын қамтамасыз етті.
Әлемдік тәжірибеге сүйенетін болсақ, технологиялар трансферті мәселелері қойылып, әлемдік қауымдастық арқылы шешімін тауып отырған. Оған мысал ретінде 1980, 1986, 1989 жылдардағы АҚШ-тағы Стивенсон-Уайдлер заңдарын айтуға болады.
Технологиялық инновациялар мен трансферт туралы бұл заңдар әрбір федералды зертханалардан құнды технологиялар мен оларды коммерциялау бойынша офис құруын, сондай-ақ біріккен зерттеулер Орталығын құруды талап етеді.
Федералды үкімет жыл сайын ҒЗТКЖ үлкен қаржы салып отырады – 100 миллиард доллар көлемінде. Федералды қаражат салудың өзіндік мақсаты бар және жекелеген келісім-шарттар және гранттар арқылы анықталатын жеткізілім үшін өнім түрінде тікелей және жанама нәтижелерді алуға арналған.
Бірақ федералды инвестицияның қосымша астары да жоқ емес. ҒЗТКЖ үлесінің кейбір нәтижелерін коммерциялауға немесе саудаға жарамды инновация болмаса ілеспелі нәтижелер жасайтын федералды емес ұйымдарға (әсіресе, жеке меншік) беру бар. Федералды үкімет қаржыландыратын ҒЗТКЖ-ға көптеген үкіметтік органдар демеушілік жасайды және оларды университеттер, федералды зертханалар, өнеркәсіптің ірі және ұсақ салаларын қосқанда түрлі орындаушылар жүзеге асырады.
Технология трансфертінің процесін федералды көздерден қаржыландырылатын зерттеулерден бастап коммерциялауға дейінгі жүйелі іс-әрекет ретінде көруге болады. Яғни федералды үкімет арқылы қаржыландырылатын және университеттер немесе федералды зертханаларда жүргізілетінен зерттеулер қорытындыларын, өнімді дайындау және оны ары қарай сату арқылы интеллектуалды меншікті алу.
Бұл кезеңдердің жүйелілігі және трансферттің коммерциялауға алып келетінін, мемлекеттің экономикалық ахуалы мен өмір сапасын көтеруге бағытталғанын күтуге болады.
Немістердің технология трансферті жүйесі
Көптеген Еуропа мемлекеттері соңғы жылдары заңдарын технологияны беру процесінің итенсификациясы пайдасына өзгертті. Солай неміс технология трансферті жүйесі де соңғы жылдарда едәуір өзгеріске ұшырады. Неміс федералды үкіметінің заңдық бастамасы жеке меншік зерттеу құқығын мойындайтын «профессорлық артықшылықты» жойды. Тиісті заң 2002 жылы ақпан айында өз күшіне енді. Университтер жасалған интеллектуалды меншік пен ғылыми-зерттеу жұмыстары қорытындыларын коммерциялау үшін жауапты болды.
Неміс үкіметінің бұл бастамасы америкалық модельге және интеллектуалды меншік құқығы зерттеулер жүргізілетін ұйымға берілетін Bayh-Dole-A заңына ұқсас. Неміс университеттері, ғалымдары және мамандары үшін Германияда технологиялар трансферті орталықтарына ұқсас (ағылшынша - Technology Transfer Organizations) PVA (Patent Valorization Agency) мемлекеттік патенттік агенттіктер құрылған.
Бүгінде Германияда осы сияқты 20 агенттік жұмыс істейді. Олардың барлығы неміс федералды үкіметімен толығымен немесе жартылай қаржыландырылады.
Құрылған агенттіктер зерттеулерді коммерциялау нәтижелерінен жаңа зерттемелерге қаржыны қайтаруды қамтамасыз етеді және зерттеулер нәтижелері бағасын арттыратын аймақтық өнеркәсіпке жаңашылдыққа қол жеткізуге мүмкіндік жасайды. Нәтижесінде зерттеулерді қаржыландыруға өндірістік капиталды тарту, жаңа спин-офф компанияларды құру, басқа да бағдарламалардың өнімді жұмыстары үшін жағдай жасайды. Технологиялар трансферті агенттіктері ғылым мен инновацияны ынталандырудың және ғылыми-технологиялық болжамдарға саяси әсердің ұтымды құралы қызметін атқарады.
Германия заңы жоғары оқу орындарының, ғылыми-зертеу бағдарламалары және жобалары шеңберіндегі тығыз кооперацияны қоса алғанда, әртүрлі өнеркәсіп мекемелерімен ынтымақтастығын көтермелейді. Профессорлар университет атынан және патентті иелену құқымен өнеркәсіппен келісім-шарт жасауға құқылы.
Академиялық институттар мен өнеркәсіптер арасындағы байланысты көтермелеу Германияның аймақтық техникалық саясатының маңызды аспекті болып табылады.
Жалпы, Еуропалық қауымдастықтың кейбір елдерінде инновациялық қызметті талдай келгенде, оның ғылыми-техникалық әлеуеттің көп шоғырланған шектеулі аумағында басым болып келетінін көрсетеді.
Ол аумақтар негізінен өндірістің жаңа өнімдері және технологиялық процестерін өндіру саласында өзара қатынас жасайтын өнеркәсіптер, ғылыми-зерттеу институттары, зерттеу зертханалары тығыз орналасқан қалалық аудандардан тұрады.
Еуропалық қауымдастық елдерінде ондай аумақтар инновациялық белсенділік және мемлекеттік қолдау бойынша басқалардан бірден ерекшеленіп тұрады. Еуропалық сарапшылардың бағалауынша, Еуропалық одақпен қаржыландырылатын келісім-шарттарды қосқанда мемлекет және қоғам арқылы қаржыландырылатын зерттеу келісім-шарттарының жалпы санының төрттен үш бөлігі осы аумақтарға – инновациялық белсенділік орталықтарына шоғырланған.
Оңтүстік Корея
Оңтүстік Корея өзінің технологиялық деңгейін 90-шы жылдары едәуір көтерді. Бірақ, бұл көрсеткіш Америка құрама штаттарымен, Жапониямен, Германиямен салыстырғанда едәуір төмен. Мысалы, Кореяның электроника және коммуникация технологиясының деңгейі АҚШ деңгейімен салыстырғанда 6%-ті құрайды. Экологиялық технологиясы тиісінше 48%, химиялық және биотехникалық деңгейі – 49%.
Өнеркәсіптің биотехнология және ғылымды қажетсінетін салаларында зерттемелерді орындап, компоненттерді жасау бойынша ҒЗТКЖ жүргізуде үлкен жанама әсерлер туындайды. Компоненттерді жасау секторы үшін ҒЗТКЖ қоры 2000 жылы 94,8%-ға өсіп, 155,1 миллиард вонды құрады.
1999 жылы 54,9 миллиард вонға жеткен технологиялар бойынша ҒЗТКЖ қоры 2000 жылы 120,8%-ға өсіп, 121 миллиард вонды құрады.
ҒЗТКЖ үш бағытқа бөлінген:
- жалпы өнеркәсіптік базалық технологиялар;
- орташа мерзімді технологиялар;
- келесі ұрпақ технологиясын жасау.
Өнеркәсіптің бірнеше басты секторларында негізгі мақсаты технологияны анықтап, жобалау болып табылатын технологияларды жоспарлау комитеттері жұмыс істейді. Олар болашақ өнеркәсіптің бейнесін анықтау үшін бағаланады, сондай-ақ болашақ салалар үшін еңбек ресурстары анықталып отырады.
Ресей экономикалық аймақ пен кластерге арқа сүйейді
Ресейде технопарктер мен АТО ғылым мен бизнестің арасындағы байланысты нығайта алмады. Сол себепті мемлекет деңгейінде тағы бір инновациялық инфрақұрылыстың элементі – Технологияларды жылжыту бойынша орталықтар (ТЖО) пайда болды. РФ Білім және ғылым министрлігі моделіне сәйкес, құрылтайшылары бірден бірнеше ұйымдар бола алатын, жеке заңды тұлға ретінде ТЖО делдал болып табылады.
Үкіметтің ТЖО-ны дамыту концепциясымен бірге РФ жеке бастамасы да жоқ емес. Ол РФ БҒМ мен Америкалық азаматтық зерттеулер және дамыту қоры (CRDF) бірлесе қолға алған Ресей жоғары оқу орындарында ТЖО құру бастамалары. Бірінші концепцияға қарағанда бұл жерде ТЖО жеке заңды тұлға болып табылмайды, керісінше ЖОО-на қызмет етеді. ТЖО міндеттері: ЖОО құрылған технологиялық аудит, коммерциялау бойынша серіктестер іздеу, лицензия сату және жаңа мекеме құруға қатысу, ҒТЖН коммерциялау бойынша бірлескен бизнеске жетекшілік ету.
ТМД елдерінде, әсіресе РФ-нда қолданылып жүрген инновациялық инфрақұрылыс элементтері айрықша экономикалық аймақ (АЭА) және кластерлер.
АЭА басқа инновациялық инфрақұрылымдарды – технопарктер, АТО, инновациялық-өнеркәсіптік кешендер т.б. құру кезінде жүзеге асырылған және ғылымды қажет ететін салаларды бір жерге шоғырландырып, олардың дамуына жағдай жасайтын идеялар болып табылады. АЭА басқа инфрақұрылымдық жобалардан ынталандырудың жанама шараларын кеңінен пайдаланатынымен, сондай-ақ әкімшілік кедергілерді азайтуымен ерекшеленеді.
Қазақстанда ғылымды коммерциялау басым бағыт
Инновациялық жандандыру және инновациялық қызметтер мәселелері әлеуметтік-экономикалық мақсаттарға қол жеткізу маңыздылығын ескере отырып, Қазақстанның басымдылықтардың бірі болып табылады.
Сондықтан елімізде қазіргі таңда маңызды әлеуметтік-экономикалық міндеті ғылыми зерттемелерді өндірісте тиімді пайдалану болып отыр.
Зерттеулердің коммерциялық маңыздылығын арттырып, нарықта коммерциялау мақсатында ҚР Білім және ғылым министрлігінде технологияларды коммерциялау жобасы ҚР Үкіметі мен Дүниежүзілік банк арасындағы Қарыз туралы келісім шеңберінде жүзеге асырылды. 2008 жылы басталып, 2015 жылы аяқталған «Технологияларды коммерциялау» жобасы аясында ғалымдар мен зерттеушілерге ғылыми зерттеулерін жүргізуге және оны коммерциялау бойынша қолғабыс жасалып, 1500 мың өтінімнен 65 жоба іріктеліп алынған болатын.
Іріктеу жұмыстарымен түрлі елдерден келген ғалымдардан құралған ғылым жөніндегі халықаралық кеңес айналысты. Нәтижесінде 65 жобаға тоқтаған, аға ғылыми және кіші ғылыми қызметкерлер тобы үшін екі гранттық бағдарлама жүзеге асырылды.
65 жобаның 45-сі жалпы сомасы 900 миллион теңгеден асатын дайын өнімді сату деңгейіне қол жеткізді. Олардың 8 лицензиялық келісімдері бар.
Ұлттық «100 қадам» Жоспарын жүзеге асыру аясында коммерциялау жүйесін дамыту үшін ҚР «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» Заңы қабылданды.
Заң ғылым мен бизнес арасындағы байланысты қолдау механизмдерін қарастырады, технологияларға лицензия алушыларға жеңілдіктер береді, технологияларды коммерциялау офистері қызметтерін қаржыландырады және технологияларды коммерциялауға грантың жаңа түрін ұсынады.
2016 жылы Дүниежүзілік банктің қолдауымен «Өнімді инновацияларды ынталандыру» жобасының келесі фазасын жіберу жоспарлануда. Ол турасында Қазақстан қоғамы пікір туғызатыны анық. Жоба сомасы – 110 млн. доллар. Басты сомасының 40%-ы коммерциялау әлеуеті бойынша ғылыми зерттемелерді қаржыландыруға жұмсалады. Бұл жобаның аясында 5 компонент жүзеге асырылатын болады.
Бірінші «Инновация үшін білім базасын дамыту» компоненті шеңберінде коммерциялық әлеуеті бар сапасы жоғары ғылыми зерттеулерді жүргізуді ынталандыру мақсатында ғылыми топтарды қаржыландыру қарастырылған. Сонымен қатар, бұл компонентте тарихи отанындағы жобаларға қазақстандық ғалымдарды тарту мақсатында шетелде жұмыс істейтін немесе оқитын PhD студенттерді қолдау қарастырылған.
Екінші «Инновациялық консорциумдар» компоненті шеңберінде нарықтың, өндірістік сектор және әлеуметтік мәселелер сұранысын шешу үшін ғылым күшін біріктіру арқылы консорциумдар қалыптастыру қарастырылған.
Үшінші «Технологияларды коммерцияландыру циклін шоғырландыру» компоненті шеңберінде бірнеше іс-шараларды жүргізу жоспарлануда. Оның ішінде: Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік (МЖӘ) механизмі арқылы тәуекелді бөлу және азайту үшін технологиялық стартап-компанияларға ерте қаржыландыру тиімділігін көрсету мақсатында венчурлық қор қалыптастыру.
Сонымен қатар, мәмілелер ағынын генерациялау жөнінен брокерлік қызмет қарастырылған. Бұл компонент коммерциялық инвестициялық жобаларға технологиялар және инновациялық идеяларды жетілдіру бойынша қызмет нарығын дамытуға бағытталған.
Технологиялар трансфертінің шет елдегі офистерін құру да қарастырылады. Оның негізгі мақсаты қазақстандық технологияларын шетел нарығына жылжыту және Қазақстанға енгізу үшін технологиялар іздестіру болып табылады.
Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыратын Ұлттық Инновациялық Жүйені ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты ынталандыру, осы саладағы технологияларды коммерцияландыру циклін тездетіп, адамзаттық капиталды көтеруге әрекеттесу арқылы нығайту Жобадан күтілетін басты нәтижелер болып табылады.
Түйін
Инновациялар біздің өмірімізде бар және олар қызметтің түрлі салаларын дамыту үшін маңызды. Инновация біздің өмірімізді жеңілдетіп, өндірісті жаңа деңгейге көтереді. Сондықтан, көптеген дамыған елдер инновацияны дамытуға үлкен қаржы жұмсап, жас ғалымдарға барлық жағдайды жасауға тырысады. Бірақ оларды коммерциялау инновацияның маңызды аспектісі болып табылады. Жобалар түсім әкелуі тиіс, ақталуы қажет. Қазіргі таңда әлемдегі инновациялық қызмет өте маңызды. Сондықтан дамыған және дамушы елдердің жетекшілері оларды дамыту үшін бар күшін салуда.
Жанболат КАНАЛИН, «Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» АҚ Технологияларды коммерциялау басқармасының бастығы.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Дежина И.Г., Салтыков Б.Г. Механизмы стимулирования коммерциализации исследований и разработок // Институт экономики переходного периода / Серия: Научные труды № 72. – Москва. 2004г. – 152с.
- Коваженков М.А., Бганцева Я.В. Инновационная стратегия управления коммерциализацией интеллектуальной собственности ВУЗа // Журнал «Креативная экономика» №11(35) 2009г., cтр. 21-28.
- Мухамбетжанов С., Баймаганбетова Г. Научные исследования: проблемы коммерциализации их результатов
// http://www.nauka.kz/page.php?page_id=172&lang=1&article_id=89
- В рамках программы «Коммерциализация технологий» поддержано 65 проектов
// http://www.zakon.kz/4778693-d.doskaraev-v-ramkakh-programmy.html