“Инфосығандардың сабағын жұрт несиеге алып жатыр”. Депутат халықтың жағдайына алаңдады

Қаракөз Амантай 16 қаз. 2024 13:47 2230

ҚР Мәжілісінің депутаты Жарқынбек Амантай блогерлердің әлеуметтік желідегі әрекеттерін сынап, премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға сауал жолдады. Депутаттың айтуынша, бүгінде әлеуметтік желілер жалған ақпарат, алаяқтық пен орынсыз бопсалаудың алаңына айналған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутат Атырауда болған қайғылы оқиғаны мысалға келтірді. Онда блогер күзетшінің ар-намысын таптап, нәтижесінде азаматтың жүрегі тоқтап қалған. Депутаттың пікірінше, бұл жағдай - блогерлердің жауапкершілігі мен әлеуметтік желілерде жарияланған контенттің зиянды әсерін көрсетеді.

“Қоғамдық тәртіпке бағынуға шақырған күзетшінің ар-намысын аяусыз таптаған блогерсымақтың әрекетінен соң азаматтың қан қысымы көтеріліп, жүрегі тоқтап қалды. Сөз-сүйектен өтеді. Ақыры орынсыз дарақылықтың салдарынан бір әулет қара жамылды”, – деп атап өтті ол.

Депутат сонымен қатар әлеуметтік желілердегі сапасыз білім мен арзан ақыл сатушылардың көбеюіне де алаңдаушылық білдірді. Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде “бақытқа жету”, “жылдам баю” немесе “күйзелістен құтылу” секілді курстар мен тренингтерге жарнама жасап жүрген блогерлер мен коучтар халықты алдап, оларға жоғары бағамен сабақ сатуда.

“Оларды ауызекі тілде “инфосығандар” деп атайды. Олардың жүздеген мың теңгеге бағаланған сабақтарын жұрт тіпті несие рәсімдеп сатып алып, кейін қарызға белшесінен батып қалғаны да жасырын емес”, – деп қосты ол.

Депутат бұлардың ешбір сүзгі мен қадағалаудан тыс өткізіп жүрген сабақтарының кесірінен талай отбасының шаңырағы ортасына түскенін айтады.

“Қарияның бірауыз сөзі еліңді, кейуананың бір ауыз сөзі келінді тәрбиелеген. Өз тағдырын түзей алмағандар өзгенің киелі табалдырығына төрелік айтып бағуда”, – деп атап өтті депутат.

Оның айтуынша, еліміздегі инфобизнестің жылдық айналымы 500 миллион АҚШ долларын құрайды. Ал алдағы 5 жылда бұл көрсеткіш 2 миллиард долларға жетуі мүмкін. Амантай бұған қоса, инфосығандардан мезі болған жұртшылық оларға тыйым салу мақсатында 2023 жылы 23 қарашада петиция жариялағанымен, бұл мәселе қараусыз қалғанын атап өтті.

Депутат қазіргі блогерлер мен әлеуметтік желілердің қоғамдағы рөліне алаңдаушылық білдіріп, сауал жолдады, сондай-ақ халықты қорғау шараларын қолға алу қажет екенін атап өтті. Амантайдың пікірінше, қоғамды қорғау үшін блогерлердің жауапкершілігін арттыру, сонымен қатар олардың қызметіне бақылау орнату қажет.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар