«Импортқа тәуелді елде баға тұрақтанбайды!». Қоғам белсендісі Үкіметке қымбатшылықпен күресудің жолын көрсетті

Dalanews 27 мау. 2022 08:18 786

Импортқа тәуелді ел ешқашан бағаны тұрақтандыра алмайды. Мұнай-газ бен қазба байлығыңды, бидайыңды сыртқа көп мөлшерде қымбатқа сатқаныңмен өзіңде отандық өндірісің бәсекеге қабілетті болмаса, сол түскен қаржыны сырттан кірген ипорттық тауарларға төлеуге тура келеді.

Сырттан кіретін тауарлардың барлығы валютаға алынатындықтан, келетін тауарлардың бағасын іште отырып арзандата алмаймыз.

Баға тұрақсыздығының қарапайым ғана жауабы осы.

Жақында ғана Шымкент қалалық Қоғамдық Кеңес отырысында АШ басқармасының басшысымен болған кездесуде бағаның тұрақсыздығы жайлы мәселе көтерілді.

Бірақ, бағаны тұрақтандыруға олардың шамасы келмейтінін түсініп тұрғандықтан көп сауал қоймадым. (Бәрін түсініп тұрғандықтан «Жиында сөйлеп қалу үшін сұрақ қоя салу» қағидасын ұстана алмайтын әдетім бар)

Өйткені, мәселе мынада:

Әр облыстар мен қалалардың өз тұрақтандыру қорлары бар. Олар өз құзіреттерінің айналасында жұмыс істеп жатыр.

Бірақ, бұлар да бағаны тұрақтандыруға шамалары жетпейді. Айталық, Шымкент қаласындағы Тұрақтандыру қорының мақсаты – әлеуметтік себетіне кіретін 19 тауар түрлерін белгіленген бағадан асырмай ұстау. Осы басқармаға тұрақтандыруды қамтамасыз ету үшін бөлінеті жылдық қаржысы 6-7 млрд теңге. Ал Шымкент қаласы тұрғындарының тек азық түлікке жұмсалатын қаржысы 150-180 млрд теңге. Осындай көлемді айналымдағы азық-түлік секторына оның 5%-на жетер-жетпес қаржымен әсер ету мүмкін емес.


Бұл мәселеге қай жағынан келсеңізде жағдайды шешу мүмкін емес. Әрі, әр өңірдің тұрақтандыру қорларының көлемі әртүрлі, жұмыс істеу тәсілдері де дербес болғандықтан бір өңірдің әлеуетімен бүткіл Қазақстандағы бағаның тұрақтануына әсер етеді деп ойлау – қиял.

Сондықтан, бүткіл әкімдерді «жағасынан алып сілкілесең» де одан мардымды нәтиже шықпайды.

Демек, бұл мәселе мемлекеттік деңгейде шешу керек. Бірақ, олар да бұл мәселені бүгін-ертең шеше алмайды. Тек қана бюджеттен қаржы алып, кәсіпкерлердің арзан сатқанда көретін шығындарын ғана жауып беріп отырулары мүмкін (үйреніп қалған тәсіл ғой). Басқа мүмкіндіктерін әзірге көріп отырғаным жоқ.

Менің ұсынысым мынау. ҚР Экономика министірлігі мен ҚРАуылшаруашылық министірлігі бірлесіп азық-түлік өндірісін дамытудың, бағаны тұрақтандырудың кешенді бағдарламасын қысқа уақытта әзірлеп Үкіметке ұсынулары керек. Немесе, отставка!

Рүстем ЕСІМХАНҰЛЫ

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар