Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданы, Бағанты ауылында дүниеге келген Ажар Қоспанқызы Городецк ауылындағы орта мектепті алтын медальмен бітіргеннен кейін С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) химия факультетін химия мамандығы бойынша бітірген.
Майталман ғалым түсті металдар мен халькогендердің электрохимиялық қасиеттері және өндірістік айнымалы токтың әсерімен жүретін электродтық үрдістерді зерттеуге бар күш-қуатын арнап келеді. Ол ұнтақты металлургияда алмастырылмайтын шикізат болып табылатын, майлағыш материал ретінде кеңінен қолданылатын, металдық тетіктердің тозуына жол бермейтін өте майда дисперсті мыс және қорғасын ұнтақтарын алудың жаңа тиімді әдістерін ұсынып, қазақ ғылымның өрісін кеңейтті.
Өндірістік айнымалы токпен поляризациялау кезінде жүруі мүмкін болмайтын тотықсыздану, еру, ұнтақтардың, қосылыстардың түзілуі үрдістеріне негізделген жаңа әсерлерін анықтаған.
Сонымен қатар «қиын тотықсызданатын» селенат-иондарын тотықсыздандыру тәсілдері, селенидтерді, түсті металдардың сульфидтерін, хризоколла алу тәсілдері ұсынылды. Зерттеу нәтижелері химиялық және металлургиялық өндірістердің қалдықтарын өндеуде және олардан бағалы заттарды алуды, қолданылған ерітінділерді ауыр металл иондарынан тазартуға бағытталған.
Білікті ұстаз-ғалым Ажар Қоспанқызының ғылыми жетекшілігімен 4 кандидаттық диссертация 40-тан астам магистрлік диссертация және 100-ден астам дипломдық жұмыстар қорғалған.Д.В.Сокольский атындағы Органикалық химия және катализ институтындағы және ҚР Минералды шикізатын кешенді өндеу Ұлттық орталығындағы докторлық диссертациялық кеңестердің мүшесі ретінде белсенді қызмет атқарып келеді. Бірнеше рет кандидаттық және докторлық диссертацияларды ресми оппонент ретінде сараптап, пікірлер дайындады.
Ғалымның бүгінгі күнге дейін 500-ден астам ғылыми, оқу-әдістемелік еңбектері, авторлық куәліктері мен патенттері бар.
Ізденістері мен нәтижелі ғылыми еңбектерінің арқысында 2003 жылы білім, ғылым және техника саласындағы ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанып, академик Е.А.Бөкетов атындағы сыйлыққа ие болды. Бұдан бөлек «Қ.А.Яссауи университетінің қайраткері»,«Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» байқауының жеңімпазы, Бүкілодақтық өнертапқыштар қоғамы тарапынан «Өнертапқыштар мен рационализаторлар үздігі» атағының иегері атанды.
Ажар апайдың отбасы оның баға жетпес байлығы, мақтанышы. 50 жыл отасқан жолдасы қашан да қолдау көрсетуге дайын. Балаларының әрқайсысы тұлға ретінде қалыптасып, Отанымыздың игілігі үшін жауапты қызметтер атқаруда. Қазірдің өзінде үлкен жетістіктер көрсетіп жүрген немерелері апайдың көз қуанышы.
Бүгінде ұжымның, студенттердің үлкен құрметіне бөленген өнегелі ұстаз, отбасында қамқор ана, асыл жар Ажар Қоспанқызына зор денсаулық, қажымас қайрат тілейміз. Сізді қуантар талантты шәкірттеріңіз көп болып, еңбегіңіз жана берсін!
Роза РЫСҚАЛИЕВА, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің доценті, химия ғылымдарының кандидаты.