Xiaomi Inc компаниясы Алматының сатушыларына, дәлірек айтсақ, мегаполистің ірі базарларының бірінің үстінен шағым түсірді. Айып қытайлық компанияның брендімен байланысты жалған тауарды сатумен байланысты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Xiaomi Inc компаниясының өкілінің мәлімдемесі негізінде Алматы қаласының ірі сауда базарларының бірінде әділет органдары жоспардан тыс тексерулер жүргізіп, Xiaomi, Redmi және mi сияқты тауар белгілерін заңсыз пайдалану фактілерін анықтады.
Іс-шаралардың қорытындысы бойынша 700-ден астам контрафактілік өнім, оның ішінде жалпы сомасы 5 миллион теңгеден асатын ұялы телефондар мен мобильді аксессуарлар тәркіленді.
"Қазіргі уақытта ҚР ӘҚБтК-нің 158-бабы бойынша кінәлі адамды әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша іс жүргізу шаралары қабылдануда. Іс материалдары кінәлі адамды жауапқа тарту үшін сотқа беріледі. Әділет органдары тұтынушылардың қауіпсіздігі мен қорғалуын қамтамасыз ете отырып, контрафактілік өнімді өткізу жағдайларын анықтау және жолын кесу жөніндегі өз жұмысын жалғастырады", делінген Әділет министрлігінің хабарламасында.