Хасан Қасымбаевтың адвокаттары үкімге шағым түсірмек

Көркем Алдабергенова 11 қар. 2025 12:30

12 жылға сотталған Хасан Қасымбаевтың адвокаттары сот үкімімен келіспей, апелляциялық шағым беруді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Алматы облысының Талғар аудандық сотында БАҚ «Хутор» ҰҚТ жетекшісі деп атайтын Хасан Қасымбаевқа қатысты үкім шығарылды.

Сот Хасан Қасымбаевты адам ұрлау, қасақана ауыр дене жарақатын салу және бопсалау баптары бойынша айыпты деп таныды. Айыптаулардың жиынтығы бойынша Қасымбаев 12 жылға бостандығынан айырылды. Жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.

Үкім жарияланғаннан кейін Хасан Қасымбаевтың қорғаушылары Нариман Кервенов пен Гүлмира Бабажанова сот шешімімен келіспейтіндерін айтты.

«Біз үкімді заңсыз деп санаймыз және апелляциялық шағым беруге ниеттіміз. Хасан Қасымбаев қылмыс орнында болмаған, оның бұл іске қатысы дәлелденген жоқ. Бұған қоса, іс материалдарынан 18 парақ жоғалған. Бұл прокуратура мен тергеу органдарының қатысуымен болған, бірақ судья бұған көз жұма қарап отыр», – деді адвокат Кервенов.

Олардың пікірінше, сот прокурорға және іс материалдарын қараған тергеу органдарына Қылмыстық-процессуалдық кодекс талаптарын бұзғаны үшін жеке қаулы шығару тиіс еді.

Айта кетерлігі, айыпталушылардың туыстары сот залын тез босатып шықты. Журналистер олардан пікір алуға үлгермеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар