«Хантағы» хикаясын білесіз бе?

Dalanews 15 қаз. 2018 11:41 4156

Кентау қаласының іргесінде халқы Біресік өзенін жағасын ен жайлаған «Хантағы» дейтін шағын ауыл бар.

Ауыл белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығаймен, әнші, мәдениет қайраткері Абылайхан Оспановпен, ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қасымхан Бегмановпен, осындағы Пушкин атындағы мектепті Мәскеуге дейін танытып, атаулы білім ошағы дәрежесіне дейін көтерген жаңашыл педагог Өмірбек Жүсіповпен мақтана алады.

Елдімекен атауын фольклорлық аңызға байланыстыра қойылған деп болжам жасайтындар да бар. Бұл туралы ел ішінде бірнеше аңыз кезігеді. «Түркістан облысындағы жер-су, елді мекен атауларының қысқаша тарихына» үңілсек, былай дейді.

Елді билеген ханға өлімі қарақұрттан болады деп балгер жұлдызға қарап бал ашып, болашағын болжаған көрінеді. Дәл осы жылдары елде мал да қарақұрттың улы тісінен өлім құша бастайды. Өлімнен қатты қорыққан хан жасағын сайлап керуен түзеп тау жағасын саялап, қарақұрттан қашып Қаратау етегін жайлай қоныс тебеді. Қарауыл жасақтары күндіз-түні көз ілместен ханды аса сақтықпен «қарақұрт» атты тажалдан қорғай бастайды.

Осылай жаз өтеді, күздің күні суыра соққан жел үш күн, үш түн дамылсыз соғып, сақшылардың да есін шығарады. Сарайдан үш күн бойы шықпай қойған хан желдің басылғанын байқап, халықпен жүздесіп, жиын ұйымдастыру мақсатында сыртқа шығып өз тағына келеді.

Хан тағына отыра берген уақытта жел айдап әкелген қарақұрттың баласы ханды шағып, уын тарата бастайды. Талай шаңырақты жоқтатып, ханның отбасының бәрін жалмап бітіп, жер жаһанды қанға бөктірген қарақұрт тұзағының өзіне де келгенін білген ханның соңғы сөзі «Қан тағы…», яғни тағы да қан деген екі-ақ ауыз болса керек.

Содан бері бұл тау Қантағы, бертін келе Хантағы аталып кетсе керек.

Кейбір деректерде сол ханның тағы іспетті біткен тастың болуына байланысты ханның тағы деген атау қойылған деп болжайды.

Басқа бір аңызда: «Ертеректе қол астындағы халықтың мұң-мұқтажымен санаспаған қатыгез, мейірімсіз хан өмір сүріпті. Елдің жағдайын ойлап, олардын тұрмыс-тіршілігіне көңіл бөлетін ешкім болмаған соң, жұрт аштыққа ұшырап, адамдардың арасында жұқпалы ауру тарапты. Осы кезде әміршінің құлағына «Ойбай, хан ауылына қарақұрт қаптап келеді!» деген хабар жетеді. Бұл тажалдан құтылу үшін қаһарлы хан биік жотадан өзіне арнап тездетіп тақ салуға бұйрық береді.

Тақ әзір болған кезде хан ауысып алады да, төменге күзет қояды. Ханға ең сенімді жалғыз даяшыдан басқа ешкім қатынамайтын болады. Сөйтіп, келе жатқан пәледен құтылудың амалын таптым деп ойлаған хан емін-еркін өмір сүруге кіріседі. Бірақ, өкінішке қарай, көп ұзамай әлгі тамақ әзірлеуші даяшының бөркіне жабысып келген қарақұрт ханды шағып өлтіріпті. Бұқарадан бөлініп, өзінше жан сауғаламақ болған ханның ажалы осылай жеткен деседі. Ал әміршінің тағы тұрған жері кейін «Хантағы» аталып кетсе керек».

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар