Қаза тапқан сарбаздардың отбасына қаржылай көмек жинауға шақырған Маңғыстау әкімдігі сынға ұшырады

Қаза тапқан сарбаздардың отбасына қаржылай көмек жинауға шақырған Маңғыстау әкімдігі сынға ұшырады
Фото: ЖИ

Маңғыстау облысында Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан сарбаздардың отбасыларына қаржылай көмек жинала бастады. Алайда бұл бастама әлеуметтік желіде сынға ұшырады. Кейбір азаматтар әскери міндетін атқару кезінде қаза тапқан сарбаздардың отбасына мемлекет көмектесуге тиіс екенін айтып, қаражаттың халықтан жиналуына қарсылық білдірді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Журналист Бибігүл Рамазан көмек жинауға "Ұлттық рух" қоғамдық бірлестігінің таңдалуына күмән келтірді.

"Маңғыстау облысының әкімдігі Лада сайтына осындай мақала шығарыпты! “Ұлттық рух” деген қоғамдық қорға ақша жинап жатырмыз депті! Масқара кімнің қоры? Не қор бұл? Сонда бұл сарбаздардың ақшасын да халықтан жинап бергісі келіп тұр ма билік? Халық өз қотырын өзі қасып жүр! Енді үкімет беретін ақшаны да біз жинап беруіміз керек пе?", – деп жазды ол.

Автор Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдан да түсініктеме беруді сұрады.

"Нұрдәулет мырза пікір беріңіз! Мынау қай сасқаныңыз халықтан жылу жинап! Халық Кеңесі 815 млн жинады деп тұр! Енді халықтан тағы жинайсың ба?", – делінген жазбада.

Желі қолданушылары "Ұлттық рух" қоғамдық бірлестігі туралы нақты ақпараттың аз екенін де сынға алды. Олар қорды кім басқаратынын, оның не себепті бірыңғай оператор ретінде таңдалғанын және жиналған қаражаттың қалай жұмсалатынын ашық түсіндіруді талап етті.

"Ұлттық қор деген кім? Басшысы: Сүгірбай Аят деген кеше Құрылтайда сайланған депутат екен. Неге біз депутаттың счетына ақша салуымыз керек екен?" – деп жазды желі қолданушыларының бірі.


Желі қолданушылары қаза тапқан сарбаздардың отбасыларына көмек көрсетуге қарсы емес екенін атап өтті. Олардың айтуынша, әскери міндетін атқару кезінде қаза тапқан сарбаздардың отбасын ең алдымен мемлекет қамтамасыз етуге тиіс.