Құрылтай депутаттары Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан және зардап шеккен әскери қызметшілердің отбасыларына көмек көрсету үшін 146 млн 650 мың теңге жинады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Құрылтай Бюросының отырысы қаза тапқан әскери қызметшілерді бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебай марқұмдардың отбасы мен жақындарына көңіл айтты.
«Маңғыстау облысында қызметтік міндеттерін атқару кезінде әскери қызметшілердің қаза болуы – бүкіл халқымыз үшін үлкен қайғы. Осыған байланысты Мемлекет басшысы 25 қыркүйекті жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Барлық депутаттардың атынан қаза тапқан азаматтардың отбасыларына көңіл айтамын. Бұл бәріміз үшін орны толмас қасірет», – деді Айбек Дәдебай.
Отырыста Құрылтай төрағасы мен депутаттары әскери қызметшілердің отбасыларына көмек көрсету үшін ерікті түрде қаражат жинауды қолдады.
Қазіргі уақытта депутаттардың жеке қаражаты есебінен 146 млн 650 мың теңге жиналған. Бұл қаражат «Ұлттық рух» қорына аударылады. Қаражат жинау әлі де жалғасып жатыр.
Ірі көлемде қаржы аударғандардың қатарында Айдарбек Қожаназаров, Руслан Идрисов, Мейірхат Қасымбаев, Бекжан Айтқұлов және Махамбет Хасенов бар. Олар әрқайсысы 20 млн теңгеден бөлді.
Дана Медеуова, Айжан Наимбекова және Бауыржан Жамалов 10 млн теңгеден, Тұрарбек Тілемісов, Мұратбек Мұхамбедиев және Мұса Хайруллиев 5 млн теңгеден аударды. Бегалы Ералиев 500 мың теңге бөлді. Одан бөлек, басқа да депутаттар қаржылай көмек көрсеткен.