Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде аман қалған 19 жастағы Бекет Мырзағалиевтің анасы "Ақ Жайыққа" берген сұхбатында ұлы ауруханаға жатқызылмағанын, қазіргі жағдайы жақсы екенін айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бекет - Атырау облысы Махамбет ауылының тумасы. Ол 2025 жылғы 3 қазанда әскерге шақырылып, №29011 әскери бөлімінде қызмет етіп жүрген.
Анасының айтуынша, қайғылы хабарды ести сала отбасы бірден Ақтауға жол тартқан.
"Аллаға шүкір, ұлым аман. Таңертең Ақтауға келіп, өз көзімізбен көрдік. Ол дін аман, өздігінен жүріп-тұрады. Сын сағатта өз күшімен жағаға жеткен. Қалған жағдайлар тексерістен кейін белгілі болады. Балаларымыз әлі жас, бұл оқиға олардың өмір бойы есінде қалады. Бұл - бүкіл Қазақстан үшін өте ауыр қайғы. Қазір әке-шешелері қандай күйде екенін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Барлық қаза болған жігіттердің әке-шешелеріне шын жүректен қайғырып көңіл айтамын. Енді ешкім мұндайды бастан кешірмесін", - деді Қарлығаш Мырзғалиева.