Маңғыстау облысының әкімдігі қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына қаржылай көмек көрсету толығымен ерікті екенін мәлімдеді. Әкімдік тұрғындарға, кәсіпкерлерге, ұйымдар мен олардың қызметкерлеріне ақша жинау немесе бір күндік жалақысын аудару жөнінде тапсырма берілмегенін жеткізді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына қолдау білдіргісі келетін азаматтар мен ұйымдар үшін арнайы бірыңғай қор жұмыс істейді.
"Қаражат тек ерікті түрде жиналады. Облыс әкімдігі тарапынан азаматтарға, кәсіпкерлерге, ұйымдарға немесе олардың қызметкерлеріне қаражат аудару туралы ешқандай тапсырма, талап немесе нұсқау берілген жоқ және берілмейді. Сондай-ақ қызметкерлердің бір күндік жалақысын аударуы туралы ешқандай тапсырма берілген жоқ. Жалақыны көмек ретінде аудару міндетті емес және әр қызметкердің жеке шешімі", – делінген әкімдіктің хабарламасында.
Көмек көрсеткісі келетіндер қордың ресми деректемелері арқылы ерікті түрде ақша аудара алады. Сондай-ақ қаза тапқан әскери қызметшілердің жақындарына тікелей материалдық қолдау көрсетуге болады.
"Көмек көрсету немесе көрсетпеу – әр адамның жеке шешімі. Қаражат аударуға ешкімді мәжбүрлеуге болмайды", - деп ескертті облыс әкімдігі.