Халықтан 25 миллиард теңге жинаған: Asar Baspana ұйымдастырушысына қатысты үкім шықты

Халықтан 25 миллиард теңге жинаған: Asar Baspana ұйымдастырушысына қатысты үкім шықты
gov.kz

Алматыда Asar Baspana қаржы пирамидасына қатысты сот үкімі шықты. Ұйымдастырушы сегіз жылға бас бостандығынан айырылды. Тағы бірнеше адамға шартты жаза тағайындалды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мән-жайы

Сот материалдарына сәйкес 2023 жылғы қаңтарда Т. Asar Baspana тұтыну кооперативіне қатысу бағдарламалары арқылы азаматтардан ақша тарту схемасын әзірлеген.

Қатысушыларға түрлі бағдарлама ұсынылып, осы арқылы табыс табуға, көлік немесе баспана алуға болады деп уәде етілген. Жаңа салымшыларды тарту үшін ұйымдастырушы Қазақстанның әр қаласында өңірлік кеңселер ашып, кездесулер мен онлайн іс-шаралар өткізген. Сондай-ақ, құрылымдағы қатысушыларға нұсқау беріп отырған.

Кейін оның қызметіне тағы бірнеше адам мен өңірлік жетекшілер тартылған. Олар жаңа қатысушыларды іздеумен, кеңселердің жұмысын ұйымдастырумен, азаматтардан ақша қабылдап, бақылаудағы шоттарға аударумен айналысқан.

Жалпы Asar Baspana қызметі аясында азаматтардан 25 422 708 589 теңге тартылған. 

Сотталушылар өз кінәсін мойындамаған. 

Сот қандай шешім шығарды?

Сот Т.-ны кінәлі деп танып, сегіз жылға бас бостандығынан айырды. Оған жеті жыл бойы қаржылық қызметпен айналысуға тыйым салынды. Тағы үш адам жеті жылға бас бостандығынан айырылып, алты жыл бойы қаржылық қызметпен айналысу құқығынан айырылды.

Қалған сотталушыларға отбасылық жағдайы, жасы, кәмелетке толмаған балалары болуы және құрылымдағы рөлі қосалқы болғаны ескеріліп, шартты жаза тағайындалған.

Сонымен қатар, Т., Б., Д. және И.-дің мүлкін тәркілеу туралы шешім қабылданған. Тәркіленген мүлік жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығынды өтеуге жұмсалады. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.