Халықтың қаржылық сауаттылығын көтеріп, интернеттегі алаяқтыққа шектеуге болады

Dalanews 29 мау. 2023 03:35 1308

Бүгінде «интернетсіз дүние бос» десек артық айтқандық болмас еді. Тұтас халық интернеттің игілігін көріп отыр. Қазіргі таңда алыс ауылдарға ауыз сумен бірге интернет тару маңызды міндетке айналғанын білеміз. Пандемия кезінде балаларымыз осы интернеттің көмегімен оқуын жалғастырды. Хат-хабар алмасуда интернеттің алдына ешқандай сала түспейтіні белгілі. Әр дүниені екі жағы болатындай интернеттің пайда жақтарымен қатар зиянды тұстары бар екенін күнделікті өмірде көріп жүрміз. Осы ретте «Қала мен Дала» газеті тілшісі еліміздегі интернет алаяқтық жайында әңгіме қозғауды жөн санап отыр.

Қаржы пирамидаларының жұмысқы әрекеті, халықты алдап-арбау, бөтен дінге азғыру бәрі-бәрі интернеттің көмегімен жүзеге асатын болды. Егер дұрыс пайдаланса, интернет талай шаруаңды бітіретін көмекшің, ал пайдалануды білмесең қалтаңды қағып, тағдырыңды талқандайтын қорқынышты құралға айналды.

О баста еліміздегі деструктивті діни ағымдар осы интернетке арқа сүйеп, елдің санасын улады емес пе? Интернет алаяқтықтардың арқасында біраз адам адасып, бөтен діни ағымының шылауында кетіп, тағдырын талқандады.

Сол кезде билік орындары да жат ағымдардың насихатын жатпай-тұрмай насихаттаған сайттарды анықтап, оларды бұғаттап, ел аумағында жұмыс істеуіне шектеу қойды. Осылайша интернеттегі діни алаяқтықтардың жолын кестік пе деп ойлаған сәтте ғаламторда қаржы пирамидаларының жұмысын жарнамалайтын алаяқтары пайда болып, талай адамды сан соқтырды.

Қолындағы барын интернет алаяқтарының шотына аударып беріп, бір күнде жер сипап қалған қаншама адам бар десеңізші, елімізде?

Қазір айдалағы тас лақтырсаң интрент алаяқтарға жем болған адамға барып тиеді. Оңай олжаға қызыққандардың бәрі осы алаяқтардың құрбаны болуда. Интернет өмірімізге дендеп енгелі бері интернет алаяқтардың түрі де көбейе түскен. Қазір оларды құқық қорғау органдары қаржы алаяқтары, мобильді телефон алаяқтық (вишинг) және интернт алаяқтық деп үш топқа бөліп, жіктейді.


Қаржы нарығын қадағалау және бақылау агенттігіне қарасты Қаржы қызметін тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті ел ішінде жүргізген сауалнама кезінде респонденттердің 55,8%-ы қаржы алаяқтарамен бетпе-бет келгенін айтқан. Бұл өте қауіпті көрсеткіш.

Қазір ауылда да, қалада да интернет бар. Осының басшылыққа алған интернет алаяқтар қаржылық сауатты аз халықты сауын сиырға айналдыруда. Бүгінде тұтас интернетті тоқтатып тастау мүмкін емес. Жалпы, интернет алаяқтарынан жалғыз біз емес, тұтас әлем жапа шегіп отырғанын да естен шығармауымыз керек.

Мұндай алаяқтарға халықтың қаржылық сауаттылығын арттырып қана қарсы тұруға болады. Қазір еліміздегі ірі компаниялардың атын жамылып, арам ойларын жүзеге асыратын алаяқтар қамтап кетті. Олар тіпті, лауазымды тұлғалардан бастап, танымал адамдардың аты-жөнін пайдаланып ойларын жүзеге асыратын болған.

Елімізде интернеттің жақыс дамығаны секілді қаржылық операцияларды заматта онлайн режимде төлеу ісі де кеңейе түскен сайын жұрттың картасындағы қаржаттарды қағып алуға бейімделген алаяқтар пайда болуда. Құқық қорғау органдарының бәрі олардың бәрін ұстап, жазаға тартуы мүмкін емес. Қазір интерент алаяқтардың көпшілігі өзге елде отырып арам ойын жүзеге асыратыны белгілі. Өкінішке орай, интернет алаяқтары үшін шекара болмай тұр. Оларды тапқан күннің өзінде жазаға тарту емес. Бұған тосқауыл қоюдың жалғыз жолы халықтың қаржылық және технологиялық сауаттылығын арттыру болып тұр.

Қазіргі таңда интернет алаяқтар жаңа технологияларды жетік білмейтін зейнет жасындағы адамдарды тұзаққа түсіріп, олардың қаржысын қалтаға басуға әуес екен. Мұндай алаяқтарға технологияның тілін білетін жастар көп алданбайтыны белігілі. Ал жаңа технологиялардан хабарсыз зейнет жасындағы адамдар іздегенге сұраған болып тұр.


Сол себепті халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруда бірінші кезекте зейнет жасындағы адамдардың қаржылық сауаттылығын көтерудің маңызы зор. Өйткені өмірінің көбі Кеңес заманында өткен мұндай адамдар қаржы алаяқтарының қақпанына бірден түсетіні анық.

Интернет алаяқтары өздерінің арам ойларын жүзеге асырғысы келгенде олар бірінші кезекте ел азаматтарының жеке мәліметтер базасын қолға түсіруді көздейді екен. Сондықтан еліміздегі мемлекеттік мекемелер азаматтардың жинақталған мәліметтер қорын көздің қарашығындай сақтауы керек. Егер олар алаяқтардың қолына түсетін болса, мыңдаған адамға кесірін тигізетіні біз айтпасақ та түсінікті.

Нұрлан ЖҰМАҚАНОВ

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар