Жаһандық экономиканың тұрақтылығы тағы да сынға түсуде, бұл жолы - әлемдік сауда жүйесін қайта жүктеу сипатында белең алуда. Бұл туралы 17 сәуірде Вашингтонда сөйлеген сөзінде Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) басқарушы директоры Кристалина Георгиева айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Қаржы нарықтары тұрақсыздыққа ұрынып, құлдырауға бейім болып алды. Ал сауда саясатына қатысты дүдамалдылық күнде туындауда", - деп келтіреді ХВҚ басшысының сөзін Интерфакс.
ХВҚ басшысы сауда шиеленісін ұзақ уақыт бойы бүлкілдеп, енді тасып жатқан қазанға ұқсатады.
"Біздің куә болып отырғанымыз - сенім эрозиясының салдары: халықаралық жүйеге деген, елдер арасындағы", - дейді Кристалина.
Оның айтуынша, өнім өндірілетін көпполярлы әлемде олардың құнынан гөрі орыны маңызды болуы мүмкін.
"Ұлттық қауіпсіздіктің қағидаты бойынша компьютерлік чиптерден бастап болат темірге дейінгі стратегиялық тауарлардың кең ауқымы өз үйінде өндірілуі керек және ол үшін еш ойланбастан ақы төлеуге болады. Өзін-өзі қамтамасыз ету мәселесі қайта оралуда", - деді ол.
Ол Қытай, ЕО және АҚШ - өздерінің ЖІӨ-дегі импорт үлесі салыстырмалы түрде төмен болғанына қарамастан әлемдегі ең ірі импорттаушылар болып табылатынын баса жеткізді.
"Алыптар бетпе-бет келіп, қақтығысып жатқанда, көптеген шағын елдер қайшылықтарға тап болуда. Көлем, әрине маңызды, өйткені олардың әрекеттері әлемнің қалған бөлігіне әсер етеді ғой", - деді ХВҚ басшысы.
Оның айтуынша, аз дамыған экономикалар және көптеген дамушы нарықтар өсімді қамтамасыз ету үшін саудаға көбірек арқа сүйейді, салдарынан осалдыққа бейім келеді, әсіресе қатаң қаржылық жағдайларда. Табысы төмен елдер көмек ретіндегі ақша бағытын күрт азайтады, өйткені мұндайда донор мемлекеттер ішкі мәселелерді шешуге бет бұрады.
"Дүдамал жағдай қымбатқа түседі. Бір тауардың құны ондаған елдердегі тарифтерге байланысты болуы мүмкін. Әрқайсысы шарықтап дамуы немесе құлдидай құлауы мүмкін импорттық баждар екіжақты әлемде жоспарлау жағы қиынға соғады. Сонда оның нәтижесі қандай? Қай портқа зәкір салатынын білмейтін теңіздегі кемелер бет алды жүзе береді: инвестициялық шешімдерді кейінге қалдырады, қаржы нарықтары тұрақсыз бола береді, жинақ сақтық шараларына байланысты өсе береді. Дүдамал жағдай неғұрлым ұзақ сақталса, оның да құны жоғары болады", - деді ол.
ХВҚ басшысы ұзаққа созылатын дүдамал жағдай қаржы нарығында стресс қаупін арттырады. Бұл ретте ол "барлық елдер өз үйлерінде тәртіп орнату үшін күш-жігерін екі есеге арттыруы керек" деп санайды.
"Дүдамал жағдай мен жиі болатын экономикалық күйзелістер кезінде экономикалық және қаржылық тұрақтылықты нығайту, өсім әлеуетін арттыру бойынша реформаларды кейінге қалдыратындай таңдау жоқ", - деді ол.
Сөзін қорытындылай келе, ХВҚ басшысы әр сыни-тегеуірінде мүмкіндік барын еске салды.
"Бұл арадағы құпияны ашып айтайын. Мұндай жағдайда ұрымтал сәтті пайдаланып, барлық күш-жігерді ескіні сақтауға емес, жаңаны құруға бағыттау керек, сонда әлемдік экономика неғұрлым теңдестірілген және орнықты бола түседі", - деп сөзін түйіндеді ол.
Бұған дейін Goldman Sachs мұнай бағасының төмендеуіне байланысты біздің өңірдің макроэкономикалық көрсеткіштеріне қатысты болжамды қайта қарап шыққанын жазғанбыз. Жаңа болжамға сәйкес, Brent макарлы мұнайдың бір баррелі 2025 жылы 62 доллар, 2026 жылы 55 доллар болуы мүмкін.