Халықаралық спорт басылымдары қауымдастығының 100 жылдығы аясында Көшпенділер ойындары таныстырылды

Dalanews 04 мам. 2024 19:14 3073

Испанияның Санта Сусанна қаласында Халықаралық спорт басылымдары қауымдастығының (AIPS) 86-шы конгресі өтті. Оның аясында биыл күзде Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасы таныстырылды, деп хабарлайды Dalanews.kz. 
Биыл ғасырлық мерейтойын атап өтетін, журналистер «спорт басылымдары арасындағы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы» атап кеткен AIPS конгресі жыл сайын әлем елдерінде ротациялық негізде өткізіледі.
1924 жылы құрылған AIPS – спорт тақырыбына маманданған журналистердің халықаралық кәсіби ұйымы. Қазіргі уақытта 100-ден астам елде 8000-ға жуық мүшесі бар.


86-шы AIPS конгресі аясында Қазақстан делегациясы 2024 жылғы 8-13 қыркүйек аралығында Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын таныстырды. 
Қазақстандық делегация Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басты миссиясы – әлемдік этноспорт қозғалысын дамыту, жаһандану дәуірінде тарихи-мәдени мұраны және әлем халықтарының алуан түрлілігін сақтау, этноспорт түрлерін, әлем халықтарының дәстүрлі ойындары мен сайыстарын халықаралық аренада насихаттау, дінаралық және мәдениетаралық диалогты, әлем халықтары арасындағы өзара түсіністік, достық пен келісімді нығайту екенін түсіндірді.

Қатысушыларға Қазақстан үкіметінің бұл іс-шараға ерекше мән беретіні де айтылды.
Халықаралық спорт басылымдары қауымдастығының президенті Джованни Мерлоның пікірінше, «Астанада Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу - Ұлы даланың ғасырлар бойғы бірегей мәдениетімен танысуға үлкен мүмкіндік береді.

Еліңіздегі су тасқынына қарамастан, Қазақстанның ойындарды өткізуден бас тартпағаны қуантады. Бұл Қазақ елінде спортқа зор мән берілетінін айғақтайды».


«Біз өзіндік креативті стилі бар, әлеуеті зор Қазақстандағы спорт журналистикасын асқан қызығушылықпен бақылап отырмыз. Қазақстан делегациясы AIPS форумдарына белсенділікпен қатысып, оның барысында өз бастамаларын тұрақты негізде ұсынып келеді», - деп атап өтті Халықаралық спорт басылымдары қауымдастығы Азия бөлімшесінің (AIPS ASIA) бас хатшысы Амджад Мәлік.


«Форумға қатысушылар су тасқынына байланысты еліміздің бірқатар маңызды халықаралық іс-шарадан бас тартып, бюджет қаражатын үнемдеуіне қарамастан, Қазақстан әлі де Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізуге дайын екенін құптады», - деп түйіндеді Конгресте еліміздің атынан сөйлеген Халықаралық спорт басылымдары қауымдастығы Азия бөлімшесінің (AIPS ASIA) атқарушы комитетінің мүшесі Ілияс Омаров.


Сондай-ақ, AIPS Конгресі аясында «Sport Plus Qazakhstan» жаңа телеарнасының тұсаукесері өтті. Сонымен қатар, қазақстандық делегация өкілдері Қауымдастықтың 100 жылдығы аясында тәжірибе алмасу мақсатында Қазақстанда жас тілшілер үшін (AIPS Young reports) халықаралық AIPS семинарын ұйымдастыруға дайын екенін жеткізді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар