ҚазҰУ өткен жылмен салыстырғанда «Өнер және гуманитарлық ғылымдар» пәні бойынша өз көрсеткіштерін 277-ден 156-шы орынға, «Әлеуметтік ғылымдар және менеджмент» пәні бойынша 351-ден 257-ші орынға көтеріп, оң нәтижеге қол жеткізді.
ҚазҰУ «Қазіргі тіл білімі» мамандығы бойынша да үздіктер қатарынан табылып, әлемнің үздік ЖОО арасында 52-ші орынға ие болды. Университет келесі мамандықтар бойынша: «Ағылшын тілі мен әдебиетінен» – 101-150, «Лингвистика» және «Құқықтанудан» – 151-200 үздік топтарына, «Экономика және эконометрикадан» – 251-300 , «Математикадан» – 301-350 және «Физика және астрономиядан» – 501-550 алдыңғы топтарына енді.
Бұл рейтингке бірқатар мамандықтар алғашқы рет қатысып, бірден үздік атанды. Мәселен, «Тарих» мамандығы 151-200, «Бизнес және менеджмент» – 401-450, «Компьютерлік ғылымдар және ақпараттық жүйелері» – 501-550, «Химия» мамандығы – 551-600 алдыңғы топтарына кірді.
QS World University Ranking by Subject рейтингінің әдістемесі төрт негізгі көрсеткішке негізделген: академиялық бедел, жұмыс берушілер арасындағы бедел, ғылыми мақалаларға сілтеме және Хирш индексі. Пәндік рейтинг 95 мыңнан астам академиялық сарапшылардың, 45 мыңдай жұмыс беруші сарапшылардың пікірлерін ескере отырып, сондай-ақ «Scopus» мәліметтер базасынан алынған ақпараттар негізінде жасалды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұлттық пәндік рейтингтерде де жоғарыда көрсетілген оқу бағдарламалары бойынша қазақстандық университеттер арасында жетекші орын алады. ҚазҰУ халықаралық деңгейдегі ғылыми-зерттеу университетіне айнала отырып, әлемдік университеттердің институционалдық рейтингінде де және пәндік рейтингте де табысқа жетіп, үнемі алға жылжып келеді. Сонымен, 2020 жылы QS World University Ranking әлемдік рейтингінің нәтижелері бойынша жетекші қазақстандық университет (ҚазҰУ) әлемдегі ең үздік университеттер тізімінде 165 орынға ие болды. Бұл топта ТМД елдерінен тек Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғана бар.