Халық санағын жүргізу үшін 27 мың планшет сатып алынған

Dalanews 14 ақп. 2020 04:56 655

Биыл елімізде халық санағы өтеді. Санақ үстіміздегі жылдың қазан айының 1-і мен 30-ы аралығында өтеді деп күтілуде. Оған дейін дайындық жұмыстары жүреді.  Ауқымды шараға бюджеттен 8 миллиард теңге бөлінген. Елімізде үшінші рет жүргізілгелі отырған халық санағының биылғы ерекшелігі – электронды түрде өтеді, – деп хабарлайды КТК арнасы.

Биылғы санақта қағаз-қалам қолданылмайды. Барлығы электронды түрде. Ол үшін миллиардтан астам теңгеге 27 мың планшет сатып алынған. Биылғы санақтың басты  ерекшелігі осы.

Екіншісі, санақшының көмегінсіз, үйде отырып-ақ, арнайы сайтта өз бетіңмен мәлімет толтыруға болады.

– Арнайы интернерт сайтқа кіріп, әркім, әр адам өз бетімен толтыра алады. Ол өте ыңғайлы. Өйткені, көп адам үйіне санақшыны кіргізгісі келмейді, – дейді Статистика комитетінің төрағасы Нұрболат Айдапкелов


Айта кетуіміз кеерк, алдыңғы санақ мәліметі бұрмаланды деп мамандардың сынағаны есімізде. Белгілі демограф, марқұм  Мақаш Тәтім сол санақ қорытындыларының сараптамалық материал ретінде қолдануға жарамай қалғанын ақпарат көздерінде ашық айтқан болаты.

– 2009 жылы болған санақтың бүкіл қателігін ескердік. Қазіргі санақ, біз ойлаймыз, барлық талаптарға сәйкес. Ақау болмауы керек. Планшеттің ішінде контейнер болады. Соның ішінде сақталынады. Оны ешкім бұза алмайды. Оны ары қарай өзіміздің арналар арқылы орталық серверге жібереміз, – деді Нұрболат Айдапкелов.

Ал Статистика комитетінің бұрынғы төрайымы Анар Мешімбаева өткен санақта 700 миллион теңгеден астам бюджет ақшасын жымқырды деп айыпталып, төрт жыл өмірін абақтыда өткізіп, алдыңғы жылы ғана бостандыққа шыққан болатын.

Бұл жолы комитет мемлекеттік сатып алудан бас тартып отыр екен. «Біздің статистика комитетінің жұмысшылары мемлекеттік сатып алу процесіне қатыспайды. Электронды түрде бүкіл сатып алулар жүргізіледі. Біз өзімізге қандай нәрсе керек, соның бәрін береміз. Ары қарай жүйе кім ұтып алды, соны бізге көрсетеді. Біз сонымен келісімге отырып, ары қарай жұмыс істейміз» дейді комитет төрағасы.

Статистика комитеті 2009 жылы әрбір қазақстандықты санауға 2 доллар 90 цент кетсе, бұл жолы небәрі 1 доллар 20 цент жұмсалатынын айтуда.

Алайда жалпы бюджетке келгенде биылғы науқанға 8,2 миллиард теңге, яғни, алдыңғыдан 2 миллиард теңгеге жуық артық жұмсалмақ. Оның 3,7 миллиарды жалақыға беріледі. 11 жыл бұрынғы санақта халық саны 16 миллионнан сәл ғана асқан болатын.


Әзірге Статистика комитетінің сайтында 18 жарым миллионға жуықтап тұрмыз. Ал республикалық науқанның әуелгі мәліметтері желтоқсанда жариялана бастайды да, соңғы толыққанды қорытындысы 2022 жылы белгілі болады.

Ербол ТҰРЫМБЕТ

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар