Wildberries қазақстандық сатушыларға келген шығынның өтемін төлейтінін мәлімдеді

Wildberries қазақстандық сатушыларға келген шығынның өтемін төлейтінін мәлімдеді
ЖИ: Dalanews.kz

Wildberries компаниясы қоймаларға жасалған шабуылдан кейін тауарлары бүлінген қазақстандық сатушыларға өтемақы төленетінін хабарлады. Бұл мәселе «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшылығы мен Wildberries өкілдері арасындағы кездесуде қаралған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Компания өкілдерінің айтуынша, жағдайды жедел реттеу үшін арнайы жұмыс штабы құрылған.

«Қазақстан біз үшін стратегиялық маңызды нарықтардың бірі болып қала береді. Логистикалық орталықтарда тауарлары зардап шеккен қазақстандық сатушылардың барлығына қажетті қолдау көрсетіліп, өтемақы толық көлемде төленеді», – деді Wildberries өкілдері.

Сонымен қатар компания өтемақы төлеу және өзге де қолдау шаралары келтірілген шығын көлемі нақтыланып, барлық мәлімет өңделген сайын кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын мәлімдеді.

Еске салайық, бұған дейін қазақстандық саясаттанушы Талғат Қалиев Ресейдегі Wildberries маркетплейсінің қоймаларына жасалған шабуылдардың салдары Қазақстан экономикасына да жанама түрде әсер етуі мүмкін екенін мәлімдеген болатын.