Таяуда Maitanov online арнасы Шығыс Қазақстанда тұратын Кеңес өкіметін армандаушы, орысшыл Антон Ушаков жайында ақпарат жариялады. Кеңес өкіметін аңсаушыға қатысты ақпаратты көз жүгіртіп оқып өте шықтым. Бірақ бұл жолы Ушаковтың өмір жолы мені қызықтырды. Неге? Ол үшін бізбен бірге Ушаковтың өмір тарихымен танысып шығыңыз.
Ақпаратта оқи бастағанда бұл адам сонау 60-70 жылдары дүниеге келіп, Кеңес заманындағы біраз адам айтып жүретін кеңшілікті көрген жан шығар деп ойладым. Сөйтсем, мүлде олай емес.
Антон Ушаковыңыз 1983 жылы дүниеге келіп, еліміз тәуелсіздікке ие болған тоқсаныншы жылдары мектеп табылдырығын аттаған сабаз болып шықты. Бір сөзбен айтсақ, тәуелсіздік жылдары ер жетіп, ат жалын тарап мінген азамат екен.
Кеңес өкіметі кезінде мүлде өмір сүрмеген. Егер Кеңес өкіметін көрмегендердің өзі бұлайша өткенді аңсаса, сол кезеңде өмір сүргендер жайында әңгіме айтып жатудың өзі артық-ау.
Жарайды, қош делік. Ары қарай кеттік. Ушаков мырза бүгінде ШҚО-ның Алтай қаласында тұрады. Ол еліміздегі Ұлттық компаниялардың бірі саналатын "Қазмырышта" кенді ұсату бөлімінде еңбек етеді екен.
Сонымен қатар өзі жұмыс істейтін кәсіпорында "Патриот" деп аталатын топқа жетекшілік жасап, әлеуметтік желіде орыс сеператизмін белсенді түрде насихаттайды. Шығыс Қазақстан аумағында Кеңес өкіметінің орнуын жан-тәнімен қалайтын нағыз жүрек жұтқан "батырдың" өзі болып тұр.
Бұл аз десеңіз, Ушаковыңыз айналасындағы жұртты ұдайы Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылық соғысын қолдауға үгіттіп, елді екі ұдай күйге салып жүретін әдеті тағы бар екен.
Айтпақшы, өткенде ШҚО-да тракторшы байқаусызда Лениннің ескертікшін абайсызда құлатып алғанда Ушаковтың талағы тарс айырылып, құлаған ескерткішті қоршам қойған дуалға "Верните Ленина!" деп жазуға қатысып, гүл шоғын қойып, өзінің Кеңес өкіметін қаншалықты аңсайтынын айдай әлемге тағы да паш етіпті.
Ал осыдан не қорытынды түйдің дейсіз ғой? Ашығын айтқанда Ушаковтың неге мұндай күйге түсті деп бас қатырудың өзі артықтау сияқты. Өйткені елдегі жағдай бәрімізге белгілі.
Таң азаннан бастап кеш батқанша, орыстың телеарналары қосулы тұр. Мұны көрген қарапайым адамның өзі Путиннің басқыншылық саясатын қолдайтын адамға айналып кеткенін өзі де білмей қалатыны анық. Мұны бір деп қойыңыз.
Тағы да айта түссек, еліміз Тәуелсіздік алған күннен бастап, Назарбаев билігі қазақ тіліне, ұлттық мемлекет құру мәселесіне қатысты екі ұдай, солқылдақ саясат ұстанды.
Мұндай қоғамдық кеңістікте өмір сүрген адам бүгін-ертең елімізде қайтадан кеңестік жүйе орнайтындай күй кешіп, екіұдай сезімде жүретіні жасырын емес. Керек десеңіз, Жаңа Қазақстан құрамыз деген қазіргі күннің өзінде де ондай көңіл-күйден арыла алмай отырмыз.
Әлі есімде, еліміз Кедендік одақ құрылып, оған Қазақстан мүше болған-ды. Сол жылы Балқашқа барып, жағажайда жатқанымда бір екі орыспен шүйіркелескенімде олар «Енді кеңес одағы құрыла ма?» деп сұрақты төтесінен қойған еді. Сол сәтте Кедендік одақтың экономикалық одақ екенін айтып, енді Кеңес одағы құрылмайтынын айтып, түсіндіргенімде олардың салы суға кетіп, қатты қамыққан еді.
Енді негізгі әңгімеге оралсақ. Осы ретте Ушаковты "Қазмырыш" компаниясы бұлайша неге тайраңдатып қояды деген заңды сұрақ туындайды.
Біз білетін "Қазмырыштың" біраз акциясы Машкевич бастаған үштіктің қолында болғанымен оның қомақты акциясына Үкімет те иелік ететінін білеміз.
Қандайда бір саяси науқан орын алып, Жолдаудан кейін осы Ұлттық компаниялардың ішінен құрылған кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері мен еңбек озаттары "Қазақстанны тұтастығын қолдаймыз!" деп ұрандатып, телеарналарға сұхбат беріп, газет беттерінде көлдей-көлдей мақала шығарып жатады. Ал Ушаковтың мына әрекетінен кейін оның бәрі көзбояушылық екеніне көзің жете түседі.
Ұлттық компаниялардағы идеологиялық жұмыстар жалғыз "Қазымыршта" ғана ақсап жатқан жоқ. Кен қазып, жер асты байлығын иегіретін компанияларда ұлттық идеологияның көрсеткіші нөлге тең десек артық айтқандың болмас еді.
Біздің бұл сөзімізге Ушаков сындылардың әрекеттері жарқын мысал бола алады. "Қазмырыш" компаниясы Ушаковқа кәсіпорын ішінен "Патриот" деген топ құрып, үй ішінен үй тігіп алашапқын күйге түсіп жүргенін білмейді деуге кім сенеді? Ешкімде сенбейді.
Алдағы уақытта Ұлттық қауіпсіздік комитеті ел ішіне жік салған осындай адамдармен күресіп, солардың арасында идеологиялық жұмыстарды жүргізуі керек. Ұлттық компанияның ішінде ұлтқа қарсы сөз айтылмауы керек.
Нұрлан ЖҰМАХАН