Екі апта бұрын Венесуэлада болған жойқын қос жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 4 мыңнан асты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ұлттық ассамблея төрағасы Хорхе Родригестің мәліметінше, апат салдарынан 4118 адам көз жұмып, тағы 16 740 адам жарақат алған. Бір күн бұрын қаза тапқандар саны кемінде 3889 адам деп хабарланған еді.
Маусымның соңында тіркелген магнитудасы 7,2 және 7,5 болатын екі жер сілкінісі Каракасқа жақын орналасқан жағалаудағы Ла-Гуайра штатына ең көп зардап келтірді.
Апат ошағы саналған Ла-Гуайрада тұрғындар стадиондарға, спорт алаңдарына, алаңдарға және тротуарларға уақытша орналастырылған. Еріктілер оларға медициналық көмек көрсетіп, азық-түлікпен қамтамасыз етіп жатыр.
Ресми мәлімет бойынша қираған үйлердің салдарынан 17 907 адам баспанасыз қалған. Сондай-ақ, 800-ден аса ғимарат зақымданып, оның 190-ы толық қираған.
Айта кетейік, жұмада Каракаста (астанасы - еск.) магнитудасы 3 болатын тағы бір жер сілкінісі тіркелді.