Венесуэладағы дағдарыс Қазақстан экономикасына қалай әсер етуі мүмкін — сарапшылар пікірі

Қаракөз Амантай 05 қаң. 2026 14:12

Бүгінде Венесуэладағы саяси және экономикалық жағдай ушығып тұр. Елдің бірнеше өңірінде жарылыс болып, шамамен 40 адам қаза тапты. Көп ұзамай АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэла президенті Николас Мадуроның жұбайымен бірге ұсталғанын мәлімдеді. АҚШ заңы бойынша Мадуро есірткі саудасына қатысы бар деген айыппен өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сарапшылардың пікірінше, Венесуэладағы бұл жағдай әлемдік мұнай нарығына, соның ішінде Қазақстан экономикасына да жанама әсер етуі ықтимал. Dalanews.kz редакциясы аталған мәселеге байланысты саясаттанушы Қазбек Майгелдинов пен экономист әрі R-Finance сарапшысы Арман Байғановтың пікірін сұрап білді. 

Саясаттанушы пікірі

Қазбек Майгелдинов Венесуэладағы экономикалық дағдарысты көп қырлы құбылыс ретінде қарастыру қажеттігін жеткізді. Оның сөзінше, елдің экономикалық моделі мұнайға шамадан тыс тәуелді. Сондықтан мұнай секторы экономиканың негізгі өзегіне айналған.

“Бұл “голланд ауруының” классикалық көрінісі. Саяси факторлар да бар. Өйткені Мадуроға дейінгі Чавестің режимі кезінде популистік саясат жүзеге асты. Қысқа мерзімдік әлеуметтік бағдарламаларға негізгі басымдық беріліп, ұзақ мерзімді институционалдық даму назардан тыс қалды. Нәтижесінде Мадуро келгеннен кейін авторитаризм күшейіп, халықаралық оқшаулану тереңдеді”, — дейді ол.

Саясаттанушы сыртқы факторларға да тоқталды. 

“Кейінгі 5–6 жылда, әсіресе АҚШ санкцияларының әсері Венесуэладағы дағдарысты күшейтті”, — деп қосты ол.

Майгелдиновтің пікірінше, Венесуэла дағдарысы Қазақстан үшін стратегиялық сабақ болып отыр. Себебі екі елдің де мұнай экспортына тәуелділігі ұқсас.

“Қазақстан экономикасына келетін болсақ, жанама әсері болуы мүмкін, ал тікелей әсері шектеулі. Мұнай бағасының әлемдік нарықтағы өзгерістері, әсіресе Венесуэладағы өндірістің құлдырауы ықпал етуі мүмкін. Бірақ айтарлықтай болмайды. Дегенмен Венесуэла дағдарысы Қазақстан үшін маңызды стратегиялық сабақ береді. Қазіргі таңда Қазақстан экономикалық өзегін мұнайға байлап қоймай, оны әр тараптан дамытып, диверсификациялау керек”, — деді ол.

Сонымен қатар сарапшы Ресей мен Орта Азиядағы геосаяси тәуекелдерді де ескеру керегін айтты.

“Орталық Азиядағы геосаяси бәсекелестік, Ресей мен Қытайдың ықпал ету аймақтарындағы бәсекесі Қазақстанды стратегиялық таңдау жасауға мәжбүр етуі мүмкін. Ресей мен Украина арасындағы соғыстың ұзаққа созылуы да тәуекелдер тудырады. Су ресурстары мәселесі, трансшекаралық өзендер, Ауғанстандағы тұрақсыздық да қақтығыс ошағын ашуы мүмкін”, — деп қосты ол.

Майгелдиновтің пікірінше, Қазақстан осы күрделі геосаяси ландшафтта стратегиялық алғырлығын арттыруы қажет.

“Өйткені Венесуэла дағдарысы экономиканың моноқұрылымы, саяси институттардың әлсіздігі және халықаралық оқшаулану үлкен апатты салдарға әкелетінін көрсетті”, — дейді ол.

Сарапшы Қазақстанның БҰҰ-ны реформалау бастамасының негізсіз емес екенін атап өтті. Сөзінше, АҚШ сияқты алпауыт мемлекеттердің тәуелсіз ел басшысын арнайы операция арқылы елден шығаруы халықаралық ұйымдардың мандатсыз әрекеттерінің мысалы болып отыр.

“Осыны ескере отырып, халықаралық нормалардың, заңдардың жұмысын күшейту маңызды. Әйтпегенде әлем ірі алпауыт державалардың қалауына айналуы мүмкін”, — деді ол.

Экономист не дейді?

Экономист әрі R-Finance сарапшысы Арман Байғанов та Венесуэладағы дағдарыстың әлемдік мұнай нарығына және Қазақстан экономикасына ықпалы туралы сөз қозғады. Оның айтуынша, егер билікке АҚШ-пен жақын байланысы бар жоғары шенді тұлғалар келсе, жақын арада санкциялар алынып тасталуы мүмкін.

“Дегенмен елдің мұнай өндірісін бірден арттыру үшін инвестициялар қажет. Бұл бірден жүзеге аспайды. Ұзақ мерзімде бұл жағдай мұнай нарығына әсер етеді, яғни мұнай бағасы қатты құламайды, бірақ әрі қарай өсуі шектелуі мүмкін”, — деді ол.

Байғанов жаңа үкімет мұнай экспортына шектеусіз құқық алса, бұл АҚШ үшін тиімді болатынын жеткізді. Венесуэла географиялық жағынан жақын орналасқандықтан, мұнайды тасымалдау арзандап, жеткізу оңай болады.

“Көптеген зауыт Венесуэла мұнайына бейімделген, яғни осы маркадағы мұнайға жұмыс істейді. Венесуэла мұнайы салыстырмалы түрде ауыр және күкірт мөлшері көп, бірақ оның өндіріс шығыны жоғары, себебі мұнайды өндіру қиын және қымбат”, — деп қосты ол.

Сарапшының пікірінше, Венесуэла әлемдегі ең ірі мұнай қорының бірі, тіпті Сауд Арабиясынан асып түседі. Алайда ұзақ уақыт санкцияларда болғандықтан, ел мұнайдың көп бөлігін сата алмай келген.

“Егер билікке жаңа үкімет келсе, олар санкцияларды алып тастауға тырысады. Бұл жағдайда мұнай бағасы жақын арада қатты өспейді”, — деді ол.

Арман Байғанов бұл жағдайдың Қазақстанға әсерін де атап өтті.

“Еліміздің бюджетінің 50%-дан астамы мұнайдан түсетін кірістерге тәуелді. Егер мұнай бағасының өсуі шектелсе, бұл біздің бюджетке қиындық түсіреді. Мұнай өндірісін арттыру уақытты талап етеді, яғни қуаттылықты бірден көбейту мүмкін емес. Сондықтан Венесуэладағы өндірістің өсуі әлемдік мұнай бағасының елеулі өсуіне әкелмеуі мүмкін”, — деді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар