"Ұзақ некесіз жүрген әйелге жын келіп алады": Блогердің мәлімдемесі жұртты шулатты

Көркем Алдабергенова 24 мау. 2025 17:19

Желіде өзін хиджама маманы әрі косметолог ретінде таныстыратын Әсия есімді блогердің ажырасқан әйелдер жайлы пікірі қызу талқыға түсті. Ол әйел адамның ұзақ уақыт некесіз жүруі рухани тұрғыда қауіп төндіреді деп санайды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Блогердің айтуынша, исламда ажырасқан әйел идда мерзімін - үш ай он күнді өтеген соң, ұзақ уақыт бойы күйеуге тимесе, оған «еркек жын» деген тылсым күш иесі ғашық болады.

«Егер әйел ұзақ уақыт бойы ер адамсыз жүрсе, ол жын оның жанына орнығып алады. Салдарынан әйел жаңа таныстарын қабылдай алмайды, ешкім ұнамай қалады. Мұндай жағдайларда әйелдің түсіне сол жын кіріп, өзі сол әйелмен қосылып жүргендей көрінеді. Бұл қауіпті белгі», - дейді ол.

Блогер бұл жағдайдың нақты мысалын да келтірді. Айтуынша, оның пациенттерінің бірі 10 жыл бойы тұрмыс құрмаған. Кейін үйленген соң бірнеше жылдан кейін әлгі «жын» қайта мазалай бастап, тіпті әйелді күйеуіне қарсы қоя бастаған.

«Күйеуіне деген жиіркеніш пайда болып, соңы суицид әрекетіне дейін барған. Абырой болғанда, күйеуі аман алып қалған. Қазір ол әйелге арнайы ем жүргізіліп жатыр», - дейді ол.

Бұл мәлімдеме әлеуметтік желі қолданушылары арасында екіұшты пікір туғызып, кейбіреулер мұндай көзқарасты зиянды десе, енді бірі оны діни сеніммен байланыстырады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар