Ұстаз ұлағаты

Dalanews 08 шіл. 2016 03:19 1322

Ауыз әдебиетіне құмарлық қазақтың қанында бар қасиет. Сондықтан болса керек ауыл мектептеріндегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері басқа пән мұғалімдеріне қарағанда оқушылар алдында оқшау тұрады. Ауыл балаларының алғыр, арманшыл болып өсуіне әдебиетші ұстаздарымыздың айрықша әсері зор. Сол себепті ұлттық рухты санамызға сіңіріп, өмірге деген көзқарасымызды қалыптастыратын әдебиетші ұстаздарымыздың бәріміз мәңгі қарыздармыз.

Жазиралы Жаркент өңірінің (туған жерімізді осылай атауға құмармыз) пұшпағындағы біздің Үлкенағаш ауылының талай жеткіншегін тәрбиелеп, арманына қанат бітірген Зоя апайымыз жайында жан жадыратар естелік айтуға болады.

Өз басым «Зоя ұстазымыз алақандай ауылымызға табан тіреп, мектебімізде табан аудармастан жұмыс істемегенде, Алматыға аттанып, еліміздегі мықты әдебиетшілердің бірі болар ма еді?» деп ойға батушы едім. Иә, айна-қатесіз солай болар еді. Бірақ... біздің апайымыз атақ-абыройдан гөрі қара сирақ ауыл балалардың көкейіне қазақтың тәрбиесін сіңіріп, отбасыда ұлағатты ана болуды бәрінен де артық санағанын есейген кезімізде ұғындық қой. Осы адалдық жолында Зоя Малыбаева Әулиеағаш атындағы орта мектептің ыстық-суығына төзіп, талай шәкірт тәрбиеледі.

Бағзы заманда бір адам данышпаннан: «Дүниеде кім бақытты?» деп сұраған көрінеді. Ол ойланбастан: «Дүниеде көп адамды бақытқа бөлей білген адам бақытты» деп жауап берген екен. Шамасы бұл жерде ұлағатты ұстаз жайында әңгіме болған шығар. Иә, жүздеген шәкірт тәрбиелеп, талай жастың көкейіндегі арман-қиялын ұшқын тастап, оны жалынға айналдырған ұстаздан артық маман иесі жоқ шығар, бұл жалғанда.

Өз басым жүздеген шәкіртінің қолына өмір кілтін ұстатқан Зоя апайымызды бақытты жандардың қатарына жатқызар едім. Тумысынан жаратылысы бөлек, бекзат та биязы, сезімтал ұстазымыз ғибратты білімімен, өрелі өнегесімен ұрпақ тәрбиесіне, ұлт келешегіне аса үлкен жауапкершілікпен қарады.

Адам тағдыры күтпеген өзгеріс пен бұралаңға толы ғой. Маған Хантәңірінің етегінде ақиық ақын Мұқағали Мақатаев туған жері Қарасазда дүниеге келген Зоя ұстазымызды Әулиеағашқа Құдай айдап келгендей көрінуші еді. Мама қаздай балпаңдап мектепті бетке алған апайымыздың ту сыртынан көз салғанымызда жүрісі газет-журналдарда жарияланған Мұқағали ақының кесек бейнесін көз алдымызға елестетуші еді.

Әдетте ұстазымыз Мұқғалидың сырға толы өлеңін санамызға құйып, таным көкжиегімізді кеңейткенде қалыпты мектеп бағдарламасынан ауытқып, әдебиеттің тереңіне еркін бойлауымызға ерік беретін. Әрбір сабағын қызықты қылып өткізгендіктен апайымыздың дәрісін асыға күтетінбіз. Тіпті, оқуға ынталы емес балалардың өздері әдебиет сабағынан қалмайтын-ды. Бұл енді әдебиеттің сиқыры ғой.

Өйткені кез келген адам тумысынан арманшыл, қиялшыл болып келмей ме? Соны жақсы түсінген ұстазымыз әрқайсымыздың жүрек түкпірімізде бұғынып жатқан сезім пернелерін дәл басып, құдды бір тұтас ансамбльдің дирижеріндей әдебиет сабағына белсене қатысуымызға ықпал ететін-ді.

Зоя апайымыз бізге тек қана сабақ берген жоқ. Ол өмір сүруді, қуаныш пен қайғыны қайыспай көтеруді, ұнатуды, өмірді сүюді үйретті. Ол кісі ісімен ғана емес, күнделікті өмір дағдысымен де бізге үлгі болып келеді. Ауылға ат басын бұрсақ, апайымызға соғып, көрген-білгенімізді, естен кетпес естелігімізді ортаға салып, әңгімелесеміз. Ұстазымыздан қанша жырақта жүрсек те, ұстаз бен шәкірт арасындағы жылы сезім жоғалып кетпейтінін байқайсың. Құдды бір 45 минуттық әсерлі сабақта отырғанда күй кешеміз.

Апайымыз мектеп қабырғасында өзі де бақытқа бөленіп, өзгелерді де жақсылыққа жетеледі. Ол – көңіл түкпіріндегі мамандықтың көкжиегі кестелі, жемісті еткен санаулы ұстаздардың бірі.

Ұстаз – шәкірт жанының бағбаны, өз ісінің берілген ұстасы. Оның еңбегі шөлге құдық қазғанмен тең деп жатады ғой. Иә, жас ұрпақтың жанына нұр құюды нағыз сауапты іс демей көріңізші! «Мұғалім – зор байлық, ол күннің құдіретті сәулесі сияқты» демеп пе еді ұлы ұстаз Ушинский. Сан мыңдаған ұл-қызға саналы білім дарытып, ізгілік шуағын шашқан Зоя ұстазымыз бүгінде ардақты асуды бағындырған жайы бар. Адамның жасы қанша жыл өмір сүруімен емес, бойындағы абзал қасиеттерімен, парасат-пайымымен, жан дүниесінің жарқылымен, табиғат берген қуат-жігерімен таразыланса керек. Ішкі дүниесі мен сыртқы келбеті жарастық тапқан нұрлы ұстаздармен өмір көрікті емес пе?

«Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау» деп француз ойшылы Жан Жак Руссо айтпақшы, ұстаздардың еңбегі ерен. Шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел болашағының өрендерін тәрбиелеп шығару – екінің бірінің қолынан келе де бермесі анық. Ұстаз болу – жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын баланың бойына дарыту. Ұстаз болу – шәкіртке ата-анасындай болып тәрбие сыйлау.

Қазақтан шыққан қоғам қайраткері, ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсынов «мұғалім – мектептің жаны» деп бағалаған. Осыдан-ақ, ұстаз деген – ұлы есім екенін талассыз аңғаруға болады. Себебі, ұстазға деген құрмет бәрінен биік тұрады. Алаш ардақтыларының ізгілікті ісіне адалдық танытқан Зоя ұстазымыздың өмір жолы көптеген педагог мамандарға үлгі-өнеге болып келеді. Әулиеағаш орта мектебінде аузы дуалы, сөзі уәлі ұстазымыздың орнын басқан педагог мамандар жетерлік. Ұрпақ тәрбиелеудегі ұлағатты эстафетаны қолға алған ауылымыздың ұстаздарына Зоя апайымыздың өнегелі ғұмырын тілейміз.

Нұрлан ЖҰМАХАН 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар