Ақтаудағы ұшақ апатынан аман қалған әзірбайжандық азамат Қазақстан дәрігерлеріне алғысын айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Менің саусағым сынып, оған гипс салды. Сондай-ақ денемде жарақаттар бар. Қазақстанда бізге жоғары деңгейде көмек көрсетіліп жатыр. Жағдайымыз жақсы. Барлығына ризамыз”, – деді Нурулла Сираджов Report агенттігіне берген сұқбатында.
Сондай-ақ Сираджов жұбайының тағдырына алаңдаулы екенін жеткізді.
“Оның қайда және қандай жағдайда екенін білмеймін. Онымен қауышқым келеді. Ұшақта біз қатар отырып едік. Содан кейін оны көрген жоқпын. Сағынып жүрген жалғыз адамым – әйелім”, – деп сөзін толықтырды ол.
Айта кетейік, бұған дейін Әзірбайжанның Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтаудағы ұшақ апатынан аман қалған стюардесса Айдана Рагимлидің суреті мен видеосын жариялаған еді.
Ол Маңғыстау облыстық ауруханасында жатыр. Стюардесса делегацияны көргенде, көз жасын тоқтата алмаған.
Айдана — Бакуден Грозныйға ұшқан. Ол Ақтауға үш шақырым жерде құлаған Azerbaijan Airlines әуе компаниясының апатқа ұшыраған ұшағында болғандардың бірі. Стюардессадан бөлек тағы бір экипаж мүшесі аман қалды.
Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау маңында "Баку-Грозный" бағытына қатынаған Azerbaijan Airlines әуе компаниясына тиесілі ұшақ апатқа ұшырады. Ресми мәліметтерге сүйенсек, апаттан 29 адам аман қалды, 38 адам қаза тапты.
Қазақстан көлік министрлігінің келтірген алдын ала деректері бойынша, бортта Әзірбайжанның 37 азаматы, Қазақстанның алты азаматы, Қырғызстанның үш азаматы және Ресейдің 16 азаматы болған. Барлығы 67 адам, оның ішінде бесеуі экипаж мүшесі. Қазақстан көлік министрлігі авиациялық оқиғаны тергеу жөніндегі комиссия құрылғанын мәлімдеді. Комиссия Ресей мен Әзірбайжанның құқық қорғау органдары әуе апатын тергеуге жіберілетінін айтты.