Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен өткен отырысқа салалық министрліктер мен үш облыстың әкімдіктерінің өкілдері қатысты. Кеңесте облыс әкімі Берік Уәли өңірдің өзекті мәселелері туралы баяндады,– деп хабарлайды Dalanews.kz
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, 2024 жылдың қорытындысы бойынша өңірлік стандарттар жүйесі бойынша объектілермен және көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз ету деңгейі 66,1 пайызды құрады. Оның ішінде Абай облысының көрсеткіші 58,1 пайыз (республика бойынша 19-шы орын).
Облыстағы халықтың 40 пайызға жуығы – ауыл тұрғындары. Елді мекендегі тұрғындардың көпшілігі жол, су, жарық, интернет сияқты базалық қызметтерге толық қол жеткізе алмай отыр. Өңірдегі ауылдардың әл-ауқатын көтеру үшін кемінде 267,5 млрд теңге қажет. Бұл өз кезегінде мектептер мен балабақшалар, медициналық мекемелер, мәдениет және спорт нысандарын, жол, су, жылу жүйелерін жаңартуға мүмкіндік береді.
«Шекара маңында орналасқан облыстың 42 ауылында соңғы үш жыл ішінде халық саны 2 мың адамға азайған. Мемлекет басшысының тапсырмасымен осы ауылдарды дамыту жөніндегі жаңа Заң жобасы қабылданған жағдайда ауылдарға жаңа серпін беретін еді»,- деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы кеңесте аймақтағы Аягөз және Шар секілді шағын қалалардың тұрғындары «Ауыл ел бесігі», «Дипломмен ауылға!» сияқты бағдарламалардан тыс қалып отырғанын жеткізді. Жаңасемей ауданының ауылдарына 14 жаңа медициналық нысан салуға, «Ауыл аманаты» аясында өңірге қосымша қаржы бөлуге көмектесуді сұрады.
- «Ауыл Аманаты» бағдарламасымен биыл Абай облысына 1 млрд. теңге ғана қарастырылған. Алдыңғы баяндамашы Павлодар мен Шығыс Қазақстан облыстарына 2, 3 миллиард теңгеден бөлінгенін айтты. Біз қосымша 2,8 млрд. теңгеге 326 жобаны әзірлеп, ҚР Ұлттық экономика министрлігіне ұсындық. Қаржыландыруға қолдау көрсетулеріңізді сұраймыз. Президент Көкшетауда өткен Ұлттық құрылтайда «Үкімет жаңадан құрылған облыстардың ахуалын бақылауда ұстап, көмектесуі қажет» деген болатын. Сондықтан сіздерден біздің өңірге нақты қолдау күтеміз, - деді облыс әкімі.
Кеңесті қорытындылаған Премьер-Министрдің орынбасары тиісті министрліктерге нақты тапсырмалар берді. Денсаулық сақтау министрлігіне Абай облысының Жаңасемей ауданына 14 медициналық пункт салу мәселесін ұлттық жобаға енгізуді тапсырды.
«Облыстың құрылғанына үш жыл өтті, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің әрі қарай өсуін қамтамасыз ету қажет. Осыған байланысты барлық өңірлік бағдарламалық құжаттардың шараларын тиімді іске асыруды қамтамасыз етсін, барлық көрсеткіштердің өсуі үшін қосымша шаралар қабылдансын. Өңірде қордаланған мәселе көп. Үкімет тарапынан Абай облысына жан жақты қолдау көрсететін боламыз. Министрліктер тарапынан кедергі болса тікелей өзіме хабарлассаңыз болады»,- деді Қанат Бозымбаев.