Журналист, қоғам белсендісі Дина Елгезек Асхат Асылбековке берген сұхбатында Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиев қазақ халқының тағдырына қалай әсер еткенін айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Дина Елгезектің сөзінше, экс-президенттің тұңғышы мен күйеу баласы "Хабар" агенттігінде басшылық қызметте болған.
"1999 жылдың соңында 2000 жылдардың басында (Хабарға - еск.) келдім. Сол кезде басшымыз (Әлиев пен Назарбаева - еск.) болды. Шынын айтқанда, өткен 30 жылға қараймыз, қазақ халқының көрген қорқынышты түсіндей екен. Осы ерлі-зайыпты - қазақ халқына, тағдырына әсер еткен тұлғалар.
Байлықтан, ашкөздіктен медиаларды сатып алып жатты.
Сөз бостандығы қысымға ұшырады. Демократия деген нәрсені ұмыта бастадық.
Президенттің өзінде екі түрлі таңдау тұрды: автократиялық апан, екіншісі демократиялық таңдау деген. Бірақ Нұрсұлтан Назарбаев өзінің отбасын таңдады, оның отбасы автократиялық режимді таңдады.
Одан кейінгі небір сұмдық тарих, рейдерлік жасап отырды. Балаларына шексіз билік беру арқылы Назарбаевтың тағдыры немен аяқталды?!" - дейді журналист.
Дина Елгезек Дариға Назарбаева кейін тіпті әкесінің орнына көз тіккенін айтады.
"Асар" партиясы пайда болды. Әкесімен жарысып партия құрамын деп жүрді. Әкесінің орнына Президент боламын деген нышан сол кезде байқала бастады.
Екеуінде де (Әлиевте де - еск.) пайда бола бастады. Соңы не болғанын көріп отырсыз ғой. Рахат Әлиевтің тағдыры немен аяқталды?! Баласының тағдыры не болды?! Сұмдық көріністер", - дейді ол.
Қоғам белсендісі қазақтың жағдайын кімдер тұралатқанын атады.
"Бізде үш түрлі триада - жемқорлар, Назарбаевтың кланы және отбасы. Осы үшбасты айдаһар мемлекетіміздің түбіне жете жаздады. Осының ішінде мемлекеттің тағдырына әсер еткен осы екі тұлға (Әлиев пен Назарбаева - еск.) болды. ...Қатты айтқаным емес, бұлар қазақ халқын құлдықта ұстады деп айтуға болады. Қазақ халқының қожайыны бола бастады", - деді журналист.