Жол сапасына қатысты 2 мыңға жуық ақау анықталды

Жол сапасына қатысты 2 мыңға жуық ақау анықталды

Қазақстанның жергілікті жолдарында жыл басынан бері зерттелген жол материалдарының 32%-ы белгіленген талаптарға сәйкес келмеген. Жол активтері сапасының ұлттық орталығының мәліметінше, осы кезеңде 15 мыңнан астам сынама зертханалық тексеруден өткен, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл деректер Астанада өткен «Сапалы жолдар: жоспарлаудан пайдалануға дейін» семинар-кеңесінде жарияланды. Іс-шара ҚР Көлік министрлігі жанында өңірлер мен Жол активтері сапасының ұлттық орталығы филиалдарының қатысуымен өтті.

Зерттеу нәтижелері жол сапасына қатысты мәселе нысан пайдалануға берілгеннен кейін ғана емес, жол құрылысына қолданылатын материалдарды таңдау және пайдалану кезеңінен басталатынын көрсетеді. Зертханалық сынақтар талапқа сай емес материалдарды жұмыстың бастапқы кезеңінде анықтауға мүмкіндік береді.

Алайда анықталған кемшіліктерді жою мәселесі әлі де өзекті.

Жыл басынан бері жергілікті жолдарда 1 997 технологиялық бұзушылық пен ақау тіркелген. Оның тек 214-і жойылған. Қалған 1 783 бұзушылық бойынша жұмыстар аяқталмаған. Яғни анықталған кемшіліктердің шамамен 89%-ы әлі сақталып отыр.

Бұдан бөлек, 2024–2026 жылдары жергілікті атқарушы органдар қабылдаған 1 127 жол нысанында жүргізілген тексерулер барысында түрлі сәйкессіздіктер анықталған.

Семинар барысында өңірлердегі проблемалық нысандар, зертханалық зерттеулердің нәтижелері және анықталған ақаулардың уақытылы жойылмау себептері талқыланды. Техникалық қадағалау, мердігерлер, жергілікті тапсырыс берушілер мен Жол активтері сапасының ұлттық орталығы арасындағы өзара іс-қимылға да назар аударылды.

Қатысушылар қолданыстағы нормативтік базадағы бірқатар қайшылықтарға да тоқталды. Осыған байланысты жол жұмыстары мен қолданылатын материалдардың сапасын бағалауға қойылатын талаптарды біріздендіру үшін нормативтік құжаттарды кешенді қайта қарау ұсынылды.

Семинар қорытындысы бойынша жергілікті жолдардың сапасын арттыруға бағытталған нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеу, жауапты тұлғалар мен ақауларды жою мерзімдерін белгілеу көзделіп отыр. Сондай-ақ нормативтік базаны жаңарту жөнінде ұсыныстар әзірленеді.

Бұдан бөлек, жергілікті жол желісін дамыту бойынша үш жылдық жоспар әзірленіп, өңірлік және республикалық деңгейде шешуді қажет ететін мәселелер айқындалады.