Қорғаныс министрлігінде бюджет қаражатының жұмсалу тиімділігіне қатысты жоспардан тыс ауқымды аудит жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов баяндады.
Аудит 50 нысанды, оның ішінде 48 әскери бөлімді қамтиды. Тексеруге мемлекеттік аудит мамандарымен қатар IT және байланыс саласының сарапшылары тартылған.
Аудит барысында Қарулы күштердің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі, әскери қызметшілердің даярлығы, оқу-жаттығулардың өткізілуі, әскери инфрақұрылымның дамуы, қару-жарақ пен әскери техниканың жаңғыртылуы және цифрлық жүйелердің жұмысы бағаланады.
Сонымен қатар мемлекет қорғанысы саласындағы тапсырыстарға жүргізілген аудиттің нәтижелері Президентке таныстырылды. Тексеру қорытындысы бойынша анықталған заң бұзушылықтарды жою үшін Үкімет пен мемлекеттік органдарға 57 ұсыным мен тапсырма берілген.
Кездесуде экономикалық және әлеуметтік салалардағы жоспарлы аудиторлық тексерістердің барысы да қаралды.
Әлихан Смайылов сондай-ақ Астанада өткен Азия жоғары аудит органдары ұйымы Басқарма кеңесінің 63-отырысының қорытындысын баяндады. Жиынға 19 елдің өкілдері қатысқан.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Қорғаныс министрлігіндегі аудитті жүргізуге және мемлекеттік аудит жүйесін жетілдіруге қатысты бірқатар тапсырма берді.