Төтенше белгі берген Flydubai ұшағы бағытын күрт өзгертті

Төтенше белгі берген Flydubai ұшағы бағытын күрт өзгертті
Фото: flickr.com / SuperJet International

Дубайдан Тель-Авивке бет алған Flydubai әуе компаниясының Boeing 737 ұшағы төтенше жағдай туралы белгі беріп, бағытын өзгертуге мәжбүр болды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Әуе рейстерін бақылау сервистерінің дерегінше, экипаж алдымен транспондер арқылы ұшақтың заңсыз басып алынуы мүмкін екенін білдіретін 7500 кодын жіберген. Кейін ол жалпы төтенше жағдай кезінде қолданылатын 7700 кодына ауыстырылған.

Осыдан кейін лайнер шамамен 4,6 мың метр биіктіктен 1,5 мың метрге дейін төмендеп, Иордания әуе кеңістігіне кірер алдында бағытын өзгерткен. Бір мезетте ұшақ радардан көрінбей қалғанымен, көп ұзамай қайтадан бақылау жүйесінде пайда болды.

Шетелдік ақпарат құралдарының хабарлауынша, бортта 170-тен астам жолаушы болған. Төтенше белгіден кейін ұшақ Сауд Арабиясына бағытталды. Израиль тарапы жағдайға байланысты әскери ұшақтарды әуеге көтерген. Ел премьер-министрі Биньямин Нетаньяху қауіпсіздік қызметінің өкілдерімен шұғыл кеңес өткізді.