"Үш мәлімдеме Мәскеуге бағытталды": Әлиевтің Шушадағы сөзін сарапшы талдады

"Үш мәлімдеме Мәскеуге бағытталды": Әлиевтің Шушадағы сөзін сарапшы талдады
Dalanews.kz коллажы

Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев Шушада өткен IV Жаһандық медиафорумда Кеңес Одағының мұрасы, Оңтүстік Кавказдағы геосаяси өзгерістер және Ресей мен Украина арасындағы соғыс туралы пікір білдірді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Саясаттанушы әрі журналист Нұргелді Әбдіғани Әлиевтің мәлімдемелерін Мәскеудің аймақтағы саясатына бағытталған үш саяси белгі ретінде бағалады. Дегенмен бұл – сарапшының жеке пайымы. Әзірбайжан президентінің өзі Ресеймен қарым-қатынас толық қалыпқа келгенін және екіжақты байланысты жоғары бағалайтынын да айтты. 

Кеңестік кезеңді отаршылықпен байланыстырды

Форумда Ильхам Әлиев Әзірбайжанның тарихи отаршылдық тәжірибесі туралы сөз қозғады. Оның айтуынша, ел XIX ғасырда отарланған, ал Кеңес Одағы құрылғаннан кейін республика мәртебесіне ие болғанымен, шынайы тәуелсіздігі мен толық құқықтары болмаған.

Әлиев кеңестік кезеңде Әзірбайжанның табиғи ресурстары орталықтың мүддесіне пайдаланылғанын мәлімдеді. Ол КСРО тараған кезде елдің газ бен электр энергиясының тапшылығына тап болғанын, Баку маңындағы ластанған аумақтарды қалпына келтіру жұмыстары әлі жалғасып жатқанын айтты. Президент тәуелсіздік жылдарында Әзірбайжанның «орта державаға» айналғанын атап өтті. 

Нұргелді Әбдіғанидің пікірінше, бұл мәлімдеме Кеңес Одағын тарихи Ресейдің жалғасы ретінде қабылдайтын Кремльдің саяси ұстанымына қайшы келеді. Ресей президенті Владимир Путин бұған дейін КСРО-ны «тарихи Ресей» деп атап, оның ыдырауын ел үшін ауыр салдарға әкелген оқиға ретінде сипаттаған. 

Оңтүстік Кавказдың өзгергенін айтты

Әлиев Ресейдің Оңтүстік Кавказдағы қазіргі рөлі туралы сұраққа жауап бере отырып, аймақтың соңғы бес жылда түбегейлі өзгергенін мәлімдеді. Оның сөзінше, Екінші Қарабақ соғысы бұрын қалыптасқан саяси түсініктердің қайта қаралуына түрткі болған.

Әзірбайжан басшысы сыртқы күштерді Оңтүстік Кавказды геосаяси бәсекелестік алаңы ретінде қарастырмауға шақырды. Ол Бакудің сыртқы ойыншыларға елді өз мақсаттарына пайдалануға мүмкіндік бермегенін айтып, көршілес мемлекеттер де осындай ұстанымда болуы керек деген пікір білдірді. 

Сарапшы бұл сөздерді Мәскеудің аймақтағы бұрынғы ықпалының әлсіреуіне қатысты белгі деп бағалады. Алайда Әлиев сол жиында Ресеймен қарым-қатынастың қалыпқа келгенін, көлік, сауда және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықтың екі ел үшін маңызды екенін де атап өтті. Сондықтан оның мәлімдемесін Ресеймен ашық текетірес ретінде емес, Әзірбайжанның дербес аймақтық саясат жүргізуге ұмтылысы ретінде қарастырған дұрыс. 

Украинадағы соғысты дереу тоқтатуға шақырды

Форумда украиналық журналистің сұрағына жауап берген Әлиев Украинаға аумақтарының басып алынуына келіспеуге кеңес берген бұрынғы ұстанымын қайталады.

Ол Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтату қажеттігі туралы түсінік әлдеқашан қалыптасуы тиіс болғанын айтып, әскери қимылдарды дереу доғаруға шақырды. Әлиев мұны Әзірбайжанның ресми әрі өзінің жеке адами ұстанымы деп атады. Сондай-ақ Бакудің Украинаның аумақтық тұтастығын, егемендігін және халықаралық деңгейде мойындалған шекараларын қолдайтынын мәлімдеді. 

Нұргелді Әбдіғанидің пайымдауынша, бұл мәлімдеме соғысты жалғастыруға мүдделі тарапқа бағытталған саяси ишара саналады.

Әлиев Мәскеуден алыстап бара ма?

Сарапшы Әлиевтің Кеңес Одағы, Оңтүстік Кавказ және Украина туралы сөздерін Мәскеуге бағытталған «үш соққы» деп бағалады. Алайда Әзірбайжан президентінің толық мәлімдемесінде Ресеймен байланысты үзу немесе ашық қарсыласу туралы сөз жоқ.

Керісінше, Әлиев Ресеймен қатынастың қалыпқа келгенін растады. Сонымен бірге ол Әзірбайжанның сыртқы саясатта тәуелсіз шешім қабылдайтынын, аймақтың ірі державалар арасындағы бәсеке алаңына айналуына қарсы екенін көрсетті.

Сондықтан Шушадағы сөздерді Мәскеуге қарсы тікелей шабуылдан гөрі, Бакудің егемендікке, аумақтық тұтастыққа және дербес аймақтық саясатқа негізделген ұстанымының көрінісі деп бағалауға болады.