ҰҚК-ны реформалау: Комитет кибершабуылға қарсы концепция әзірлеуде

Dalanews 26 там. 2022 10:39 781

Сарапшылардың атап өткеніндей Қаңтар оқиғасынан кейін Жаңа Қазақстанда шекарадағы қауіпсіздікке қатысты мүлде жаңа концепция қабылданған. Жыл басынан бері шекара қызметіне жаңа технологиялар енгізіліп жатыр.

Осындай техникалық және технологиялық қарқынды жұмыстардың нәтижесінде, 2022 жылы қару-жарақ және оқ-дәрі тасымалдаумен айналысқан 203 қылмыстық әрекеттің жолы кесіліпті.

Сонымен қатар, шекара бұзған тоғыз мыңнан астам қылмыскер құрықталған. Бұдан бөлек, 3,5 миллиард теңге және құны 10 миллиард теңгеге пара-пар тауар тасымалының тамыры қиылып отыр.

Бұл туралы ҰҚК Төрағасы Ермек Сағымбаев Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың қабылдауында болғанда айтылды. Президентке ҰҚК саласында жүргізіліп жатқан реформалар және жүйелі трансформациялар, олардың нақты нәтижелері туралы баяндалды.

Жыл басынан бері Қазақстан Президенті берген тапсырмаларына байланысты ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрылымы көп оңтайландырылған болатын. Сонымен бірге, бөлімшелердің қызметтері мен міндеттері, жұмыстары мен жобалары нақтыланды.

Президент тапсырмасына орай, әскери жаттығу және жауынгерлік жұмылдыру әзірлігі қамтамасыз етілгенін де ескерте кетейік. Ал дағдарысқа қарсы тұру үшін басқару жүйесіне жаңа техникалық тәсілдер енгізілгенін айтқан дұрыс.

ҰҚК саласына күрделі реформа қажет екені жыл басында ашық көрініс тапқан жағдай.


Сондықтан да Е.Сағымбаев: «ҚР Терроризмге қарсы орталығының жұмысы қайтадан әзірленіп, лаңкестік қауіп-қатерге қарсы іс-қимыл саласындағы үйлестірушілік рөлі күшейтілді. 2022 жылдың басынан бері терроризмге қарсы орталық мемлекеттік органдардың арнаулы күштері мен техникалық құралдарын қоса отырып, 400-ден астам оқу-жаттығу өткізген болатын» - деп атап өтті.

Ермек Сағымбаевтың Мемлекет басшысына берген есебіне сүйенсек, бір жылдың ішінде алдын алу шаралары арқылы залал көлемі 900 млрд теңге болатындай қылмыстық оқиғаның жолы кесіліпті. Одан бөлек, 37 млрд теңге ақша қазынаға қайтарылған.

Ал ұлттық қауіпсіздік комитеті материалдарының негізінде 791 түрлі қылмыстық іс ашылып отыр. Оның 49-ы жүйелі түрде сыбайлас жемқорлық деректерінің негізінде қозғалғаны айтылды.

Мемлекет басшысының қабылдауында, сондай-ақ Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесі туралы да айтылды.

Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта бұл сала жетілдіріліп жатыр. Мәселен, 2022 жылдың басынан бері қарай ұлттық қауіпсіздік комитетінің техникалық қызметтері инфрақұрылым нысандарына жасалған 295 миллион кибершабуылдың жолын кескен. Одан бөлек, 2 мың DDoS-шабуылдың алдын алыпты. Бұл Қазақстан сияқты мемлекет үшін үлкен жетістік.

       Е.Сағымбаев қабылдауда құқық қорғау органдарымен бірге қару-жарақ іздеу, қоғамға аса қауіпті ұйымдасқан қылмыстық топтар мен есірткі қылмыскерлерін құрықтау бойынша әртүрлі іс-шаралардың жүргізіліп жатқаны айтылды. Бұл да қылмыстық салада жасалған нәтижелі жұмыстардың бір парасы.


Айталық, арнайы шаралардың нәтижесінде жыл басынан бері 900 келіден астам есірткі тәркіленген. Одан бөлек, 11 тонна прекурсорлар, 16 есірткі зертханасы талқандалыпты. Тағы да 24 халықаралық және 45 өңірлік есірткі арнасының көзі жойылған. Осы қылмыстармен бірге заңсыз айналымда жүрген 773 қару-жарақ, 20 мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленіп, көптеген қылмыстың алдын алған. Тоқаевқа осындай нақты жұмыстар бойынша айтылды.

Қазақстан Президентінің қабылдауында болған Ермек Сағымбаевқа бірқатар нақты тапсырмалар жүктелді. Оның ішінде ҰҚК органдары қызметінің бағыттары мен негізгі сын-қатерлерін ескеру жағы бар.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар