ҰҚК Әблязовпен байланысы болуы мүмкін бельгиялық кәсіпкерге іздеу жариялады

ҰҚК Әблязовпен байланысы болуы мүмкін бельгиялық кәсіпкерге іздеу жариялады
qamqor.gov.kz

Қазақстанның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі бельгиялық кәсіпкер әрі инвестор Фрэнк Джозеф Монстрейге іздеу жариялады. Бұл ақпарат Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында пайда болды, деп хабарлайды dalanews.kz tengrinews.kz-ке сілтеп.

Іздестіру ісі екі күн бұрын Астанада тіркелген. Оған Ұлттық қауіпсіздік комитеті бастамашы болған, ал істі ҰҚК жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жүргізіп жатыр. Әзірге Фрэнк Джозеф Монстрейдің нақты қандай іс бойынша іздестіріліп жатқаны және оның мәртебесі қандай екені айтылмаған.

Ашық дереккөз мәліметінше, Фрэнк Джозеф Монстрей - бельгиялық кәсіпкер, инвестор және бұрынғы мұнай магнаты. Ол 2000 жылдардан бері посткеңестік елдерде, соның ішінде Қазақстанда бизнес жүргізген.

Қазақстандағы негізгі жобаларының бірі - бұрынғы Zhaikmunai атауымен белгілі болған мұнай-газ компаниясы Nostrum Oil & Gas. Кейін ол компанияны Лондон қор биржасына шығарып, мұнай-газ саласынан кеткен.

Бірқатар жарияланымда Монстрейдің аты қашқын банкир Мұхтар Әблязовпен және Nostrum Oil & Gas активтері төңірегіндегі даулармен байланысты аталған.

Десе де Монстрейдің өзі бұған дейін журналистерге Әблязовтің сенімді адамы болмағанын айтып, мәселе Қазақстандағы бұрынғы серіктестік аясындағы қарызды қайтаруға қатысты туғанын мәлімдеген. Оның сөзінше, өзі тек екі тарап арасындағы жанжалға араласып кеткен.