Ұлытау облысында өткен ауылдық спартакиаданың финалы жеңімпаздарды марапаттаумен емес, жаппай төбелеспен аяқталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша жанжал қазақ күресінен өткен финалдық белдесуден кейін шыққан. Жанкүйерлердің бірі төрешілер спортшыны жеңістен әділетсіз айырды деп есептеп, төрешіге шабуыл жасаған. Осыдан кейін жанжал жаппай төбелеске ұласқан.
Оқиғаға жанкүйерлер, спортшылар, жаттықтырушылар мен төрешілер қатысқан.
Полиция бұл дерекке қатысты "Бұзақылық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Жанжалға қатысқандардың барлығы анықталып, ұсталған.
Алдын ала мәліметке сәйкес оқиға салдарынан ауыр жарақат алғандар жоқ.