Ұлттық жоба аясында Қазақстанның энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымы жаңғыртылады

Ұлттық жоба аясында Қазақстанның энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымы жаңғыртылады
pixabay.com

Қазақстанда энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында биыл 1 трлн теңгеден астам қаржы бағытталады. Қаражат жылу, электр және су желілерін, сондай-ақ жылу көздерінің жабдықтарын жаңартуға жұмсалады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қазақстанның энергетикалық жүйесі ұзақ жылдар бойы жылу электр орталықтарына түсетін жоғары жүктемемен және инженерлік инфрақұрылымның айтарлықтай тозуымен бетпе-бет келді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ел энергетика және коммуналдық секторларды кешенді жаңғыртуға көшті.

Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба тәуелсіздік жылдарындағы ең ауқымды бағдарламалардың бірі. Биыл ғана оны іске асыруға 1 трлн теңгеден астам қаржы бөлінеді.

«Мемлекет басшысы бұл үдерісті тәуелсіздік жылдарындағы энергетика және коммуналдық сектордағы ең ауқымды реформа деп орынды атады. Бұл елдің инфрақұрылымдық қаңқасын жүйелі түрде жаңарту. Үкіметтің осы бағыттағы жұмысын оң бағалаймын. Сенімді инфрақұрылым жаңа өндірістерді іске қосуға, тұрғын үй құрылысын дамытуға және инвестициялық тартымдылыққа тікелей әсер етеді. Бос қуаты жоқ, желілері тозған әрі апат қаупі жоғары өңірге бизнес инвестиция салмайды. Бағдарламаның жоспардан нақты іске көшуі аса маңызды қадам», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі, ҚР ҰКП «Атамекен» басқарушы директоры Жақып Хайрушев.

Ұлттық жобаның алғашқы нәтижелері де байқала бастады. Қазірдің өзінде 8 коммуналдық кәсіпорын мен табиғи монополия субъектісі дағдарыстық «қызыл аймақтан» шығарылды. Жыл соңына дейін тағы 8 нысанды осы санаттан шығару жоспарланған.

Биыл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын қаржыландыру көлемі екі есеге ұлғайды. Жобаларды іске асыру үшін жеке және шетелдік инвестициялар тартылып, жалпы көлемі 625 млрд теңге болатын қарыз қаражаты мақұлданды.

Өткен жылы 6,6 мың шақырым инженерлік желі жөнделсе, биыл жыл соңына дейін тағы 12 мың шақырым желі жаңартылады. Сонымен қатар шамамен 1,9 мың шақырым су құбыры және су бұру желілері қайта жаңғыртылып, кәріз-тазарту құрылыстарын жаңғырту бойынша 45 жоба жүзеге асырылады.

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов жаңғырту қарқынын жеделдетуді және бөлінген қаражаттың тиімді игерілуін қамтамасыз етуді тапсырды. Ол шарттар мен оффтейк-келісімшарттарды уақытылы жасасу, мемлекеттік сараптамадан жедел өту, жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтау, сондай-ақ жаңа өндірістер ашу, қолданыстағыларын кеңейту және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына цифрлық құралдарды енгізу қажеттігін айтты.

«Әрбір басшы ұлттық жобаның мақсатты көрсеткіштеріне қол жеткізуге және көзделген барлық іс-шараларды уақтылы орындауға дербес жауапты. Барлық қолда бар ресурсты жұмылдыру қажет. 2027 жылғы іс-шараларды толыққанды іске асыру үшін дайындық жұмыстарын қазірден бастауымыз керек. Барлық өңір әкімдіктері биылғы 1 қыркүйекке дейін 2027 жылға арналған жобаларын Ұлттық жобаның (МЭКС) электрондық платформасына енгізіп, мүдделі тараптармен келісуін қамтамасыз етуі тиіс. Ал барлық конкурстық рәсімдер 2026 жылғы 1 желтоқсанға дейін аяқталуы қажет», – деді Олжас Бектенов.

Ұлттық жобаның маңызды артықшылықтарының бірі – отандық өнеркәсіпті қолдау. Бағдарлама қазақстандық құрылыс материалдарына, жабдықтар мен қосалқы бөлшектерге сұранысты арттырады. Болжам бойынша, 2026-2027 жылдары ұлттық жобаны іске асыру үшін қажетті құрылыс материалдары мен жабдықтарға сұраныс 900 млрд теңгеден асады. Оның едәуір бөлігін отандық өндірушілер қамтамасыз ете алады.

«Ұлттық жобаны іске асырудағы басым бағыттардың бірі – отандық тауар өндірушілерді қолдау екені маңызды. Бұл Премьер-министрдің нақты сөзі. Үкімет деңгейінде қойылып отырған міндеттер жобаны іске асыруды жеделдетуге және оған қазақстандық тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің кеңінен тартылуына мүмкіндік береді. Ұлттық жоба – отандық өндірушілер үшін үлкен мүмкіндік әрі бүкіл экономикаға серпін беретін жоба. Жалақы, салық және жаңа инвестициялар түріндегі қосылған құн еліміздің ішінде қалады», – деді Қазақстанның энергетикалық жөндеу, жобалау, инжиниринг компаниялары мен энергетикалық жабдық өндірушілері қауымдастығының төрағасы Сергей Агафонов.

2029 жылға дейін Қазақстанда инженерлік инфрақұрылымның орташа тозу деңгейін 40%-ға дейін төмендету, апаттылықты 25%-ға қысқарту жоспарланған. Жалпы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына 13 трлн теңге инвестиция тарту көзделіп отыр. Оның ішінде 6,8 трлн теңге коммуналдық секторға, ал 6,2 трлн теңге энергетика саласын дамытуға бағытталады.

Бағдарлама аясында 84 мың шақырым инженерлік желі жөнделіп, жаңғыртылады, 27 генерация нысаны салынып немесе жаңартылып, 70 коммуналдық кәсіпорын дағдарыс аймағынан шығарылады.

Бүгінгі негізгі міндет – жаңғырту жұмыстарының жоғары қарқыны мен сапасын сақтау. Осы жағдайда МЭКС инфрақұрылымды жаңарту бағдарламасы ғана емес, Қазақстан экономикасының дамуына серпін беретін негізгі құралдардың біріне айналмақ.