Қазақстанда тұрғын үйді жер сілкінісі мен су тасқынынан сақтандыру міндеттелуі мүмкін

Қазақстанда тұрғын үйді жер сілкінісі мен су тасқынынан сақтандыру міндеттелуі мүмкін
жи: dalanews

Қазақстанда табиғи апаттардан келетін шығындарды өтеуге бағытталған міндетті тұрғын үй сақтандыруын енгізу ұсынылды. Тиісті заң жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Құжатқа сәйкес, тұрғын үйлерді жер сілкінісі, су тасқыны, сел және орман өрттері сияқты табиғи төтенше жағдайлардан міндетті сақтандыру көзделіп отыр.

Жыл сайынғы сақтандыру жарнасы 0,5-тен 5 АЕК-ке дейін болуы мүмкін. Нақты мөлшері баспананың құнына және өңірдегі табиғи қауіп деңгейіне байланысты белгіленеді.

Міндетті сақтандыру үкімет табиғи қауіп-қатер жоғары аймақтар деп айқындайтын өңірлердегі тұрақты тұруға арналған тұрғын үйлерге қатысты қолданылмақ. Сонымен қатар ерікті сақтандыру полисінің болуы меншік иесін міндетті сақтандыру рәсімдеуден босатпайды.

Заң жобасына сәйкес, тұрғын үй толықтай қираған жағдайда сақтандыру төлемі төленген жарнаның 500 есесіне дейін, ал баспана ішінара бүлінсе 250 есесіне дейін жетуі мүмкін.

Сондай-ақ төтенше жағдай жарияланғаннан кейін сақтандыру полисін рәсімдеуге жол берілмейді. Егер сақтандыру жағдайы расталса, төлемді бес жұмыс күні ішінде аудару жоспарланып отыр.

Заң жобасын әзірлеушілердің айтуынша, бұл тетік табиғи апаттардан зардап шеккен азаматтарға қаржылық қолдау көрсетуді жеделдетіп, бюджетке түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, ЮНИСЕФ дерегінше, Қазақстанда 15 млн адам табиғи апаттар қаупі бар аймақта тұрады.