Қазақстанда 15 млн адам табиғи апаттар қаупі бар аймақта тұрады

Қазақстанда 15 млн адам табиғи апаттар қаупі бар аймақта тұрады
pixabay.com

Қазақстан аумағының шамамен 75%-ы табиғи апаттар қаупіне ұшырайды, ал 15 млн-ға жуық азамат тәуекел аймағында тұрады, деп хабарлайды dalanews.kz.

ЮНИСЕФ дерегінше, елдегі негізгі табиғи қауіптер қатарында жер сілкінісі, су тасқыны мен орман өрттері бар.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Қазақстанның 16 өңірінде жер сілкінісі мен су тасқыны қаупі бар. Бұл аймақтарда 3 млн-нан астам тұрғын үй нысаны және шамамен 15 млн азамат тәуекел аймағында орналасқан.

Табиғи апаттардың салдары экономика мен халыққа айтарлықтай шығын келтіреді. Мәселен, 2024 жылы су тасқынынан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарына 54,7 млрд теңге бөлінген. Ал 2022 жылы Қостанай облысындағы орман өрттерінен келген шығын 6 млрд теңгені құраған.

Мемлекет бюджеттен апат салдарын жоюға жыл сайын шамамен 18 млрд теңге бөледі. Алайда бұл сома келтірілген жалпы шығынның шамамен 15-20%-ын ғана жабады.

Сонымен қатар соңғы бес жылда мүлікті ерікті сақтандыру шарттарының саны 12%-ға, сақтандыру сыйлықақылары 51%-ға өскен. Соған қарамастан, тұрғын үйді сақтандыру деңгейі әлі де төмен.

Қазақстан бойынша үй иелерінің небәрі 3,2%-ында сақтандыру полисі бар. Алматыда бұл көрсеткіш 7,7%-ды құрайды.