Ғалымдар шоколад иісі ерлерге жағымды әсер ететінін анықтады

Ғалымдар шоколад иісі ерлерге жағымды әсер ететінін анықтады
Шоколад. Көрнекі фото: pixabay.com

Малайя университетінің ғалымдары шоколад иісінің жаттығу кезіндегі физикалық өнімділікке әсерін зерттеді. Нәтижесінде какао хош иісін сезіну кей жағдайда жүктемені көбірек орындауға көмектесуі мүмкін екені анықталған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Frontiers in Physiology журналында жарияланған зерттеуге 20-25 жас аралығындағы, дене дайындығы орташа 23 ер адам қатысқан.

Тәжірибе алдында қатысушылар кемінде 10 сағат бойы тамақ ішпеген. Кейін олар үш топқа бөлініп, 90 пайыз какаосы бар қара шоколадтың, 60 пайыз какаосы бар сүтті шоколадтың немесе бақылау ретінде судың иісін сезген.

Аяқты жазуға арналған жаттығу кезінде қара шоколад иісін сезген қатысушылар бақылау тобымен салыстырғанда орта есеппен 18 қайталауды көбірек орындаған. Ал сүтті шоколад иісі көрсеткішті шамамен 9 қайталауға арттырған. Зерттеушілердің айтуынша, қызығы – қатысушылар жүктеменің бұрынғыдан ауыр болғанын сезбеген.

Шоколад иісі тәбетке де әртүрлі әсер еткен. Қара шоколадтың иісі аштық сезімін бәсеңдетіп, тоқтық сезімін күшейтсе, сүтті шоколадтың хош иісі қатысушыларға жағымдырақ әсер берген. Ғалымдар мұны мидың таныс тағам иістерін тоқтық және тамақ күту сезімімен байланыстыруымен түсіндіреді. Дегенмен зерттеу шағын топпен және тек жас ер адамдар арасында жүргізілген. Сондықтан бұл әсердің әйелдерге, басқа жастағы адамдарға немесе кәсіби спортшыларға дәл осылай әсер ететіні әзірге белгісіз.

Зерттеу авторлары алдағы уақытта бұл құбылыстың биохимиялық механизмдерін анықтап, нәтижені басқа топтарда да тексеруді жоспарлап отыр.